Қашықтан оқуға дайынбыз ба?
Дәстүрге айналған тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Бірақ, биылғы басқосу қазіргі ахуалға байланысты былтырғыдан өзгеше форматта өтті. Облыс әкімдігінде өңір басшысы А.Мұхамбетовтың төрағалығымен бейнеконференц режимінде өткен жиынға тек аудан әкімдері мен оның орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары және санаулы ұстаздар қауымы қатысты. Пленарлық отырыс кезінде дамудың стратегиялық бағыттары айтылып, өткен жылдың қорытындылары шығарылды.
Облыстық білм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Айтмағамбетовтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 490 мектеп жұмыс істейді. Елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жаңа оқу жылында білім беру үдерісі бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылуда.
-Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штаттық режимде оқыту үшін жалпы контингенті 15 мың оқушысы бар 268 ауылдық шағын жинақтымектептердің тізбесі анықталды. Жалпы контингенті 94 мың оқушы болатын қалған 222 мектепте оқу үдерісі бастауыш сынып параллельдерінде кезекші сыныптардың жұмыс істеуімен қашықтан ұйымдастырылатын болады. Осындай форматта оқыту үшін жалпы контингенті 28,3 мың оқушы немесе бастауыш сынып оқушыларының жалпы санының 57% қамтумен 2,5 мыңға жуық топ ашылады. Осылайша, облыстың 109 мың оқушысы ішінде: 15 мың бала немесе 14 пайызы штаттық режимде оқуды жоспарлап отыр. Ал, 28,3 мың немесе 26 пайызы кезекші сыныптарда, 65,7 мың немесе 60 пайыз мектеп оқушысы интернет-платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқуды жоспарлап отыр. Штаттық режимде жұмыс істейтін мектептерде тиісті санитарлық шаралардың іске асыру үшін облыстық бюджеттен 30,5 млн. теңге бөлінді, – дейді Е.Айтмағамбетов.
Өңірде білім беру саласын дамыту үшін біраз жұмыстар атқарылды. Соның ішінде заманауи білім ошақтарының ауқымды құрылысы жалғасуда. Осы жылдың қыркүйек айында Әулиекөл ауданының Аманқарағай кентіндегі 320 орынға арналған мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп өз есігін айқара ашады. Жыл соңына дейін Қостанай қаласының “Юбилейный” шағын ауданындағы 1200 орынға арналған мектептің және Қарасу ауданындағы Қарасу ауылында бой көтеріп жатқан мемлекеттік тілде оқытатын 320 орынға арналған мектептің де құрылысы аяқталатын болады. Облыста студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа жобалар да іске қосылды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” шеңберінде Қостанай қаласындағы колледждердің екі жатақханасының құрылысы басталды. Мәселен, Қостанай медициналық колледжінің 250 орындық жатақханасының құрылысы жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда, оған 700 млн теңге бөлінді. Ал, 500 орынға арналған Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жатақханасы келер жылы пайдалануға берілмек. Жоба құны 1,5 млрд теңге.
-Жаңа оқу жылының 1 тоқсанында мәлімделген қашықтықтан оқыту форматы білім беру үдерісіне цифрландыруды белсенді енгізуді талап етеді. Соңғы үш жылда облыс мектептерінде жалпы сомасы 340 млн теңгеге 66 IT-сынып және 32 робототехника кабинеті ашылды. Жазғы кезеңде 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды. 15 қыркүйекке дейін үкіметтік резервтен 2,4 млрд теңгеге 15 мыңнан астам компьютерлік техника жиынтығы сатып алынатын болады. Ал, ағымдағы жылы оқу материалдарын сатып алу үшін шамамен 1,2 млрд теңге бағытталды. Кәсіби кадрларды даярлауда “Еңбек” бағдарламасы маңызды рөл атқарады, оны іске асыруға 4,9 млрд теңге қаражат бөлінді. 22 колледжде бағдарлама шеңберінде 1800-ден астам студент оқуын жалғастыруда, әрбір екінші студент халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан. Облыстың 3 колледжіне “Жас маман” республикалық жобасының бірінші кезеңі барысында заманауи құралдармен жабдықтауға миллиард теңгеге жуық қаржат бөлінді. 2021 жылы жобаның екінші кезеңіне тағы 7 колледж қосылады. Барлық осы шаралар еңбек нарығындағы түлектердің қажеттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Е.Айтмағамбетов.
Жиында өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы орта білім берудің үздік ұйымы аталды. Ол Әулиекөл ауданындағы С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясы. Ал, Қостанай педагогикалық колледжі кәсіптік-техникалық білім берудің үздік ұйымы болып танылды. Аталмыш білім ордасына 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде тамыз кеңесі шеңберінде білім беру қызметкерлері де марапатталады. Биылғы жылы 300-ге жуық педагог жоғары марапаттарға ие болды. Оның 7-і “Ы.Алтынсарин” төсбелгісінің иегері, ал 8 білім беру қызметкері “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” белгілерімен марапатталды. Мұның сыртында жүздеген ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына және облыс әкімінің грамоталарына ие болды.