Онлайнға оңай үйренуде
Қостанай қаласының мектептерінде қашықтықтан оқуға әзірлікті бастап кетті. Әзірге мұғалімдер мен оқушылар бағдарламаны қалта телефондарына жүктеп, жаттығып жатыр. Мәселен, 24 бастауыш мектеп-гимназиясы «Zoom» бағдарламасын қолдануда. Оқушылармен бір мезетте онлайн конференцияға шығып, жаңа сабақтың тақырыбы түсіндіріліп, жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған оқушылардың ата-аналары үн қосуда. Балаларымен бірге отырып, білмегендерін үйреніп алады.
-Қазір әлеуметтік желілерде онлайн сабақтарға байланысты түрлі бейнероликтер жіберіп жатыр ғой. Басында алаңдағаным рас, бірақ кеше қызым екеуіміз алғашқы қазақ тілі сабағын онлайн өткіздік. Айтарлықтай қиындық болған жоқ. Жалпы ата-аналарға айтарым, елдегі жағдайға біз де өз тарапымыздан қолдан келгенше түсіністікпен қарап, қолдау керекпіз. Түсінбегенімізді сұрап дегендей. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Дегенмен кем-кеттік жерлері болуы мүмкін, соның бәрін түсініктікпен қабылдауымыз қажет. Әрі мынадай жағдайда ең бастысы, үйде болып, өзіміздің және балаларымыздың денсаулығын ойлағанымыз абзал, – дейді екі баланың анасы Сәуле Байжанова.
Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы балалар шығармашылық мектебі де онлайн үрдіске көшті. Біз «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамблінің жетекшісі Салтанат Нұрымоваға хабарласып, мән-жайды білген болатынбыз.
-Алғашқы сабақ 17-наурызда басталды. 72 бала төрт топқа бөлінді. Тәрбиеленушілердің 85% онлайн сабаққа қатысты. Мен оларға бейне немесе фото материалдар жіберемін. Кәдімгідей өзімді түсіріп жіберемін. Содан кейін балаларға жіберемін. Оны балалар қарап алады да, маған өздерінің бейнематериалдарын жіберіп жатты. Сәлемдескенін, бой сергіту-жазу, үйреніп жатқан би қимыл-қозғалыстарының комбинацияларын қайталап көрсетіп береді. Мен оларға ескертулерімді жасадым. Мысалы, бір бейнематериалда Сымбат десек, ол қолын дұрыс тартпаса, аяқ башпайларың дұрыс тартылмады. Шынтақ буыныңды дұрыстап тарт дегендей ескертулер айттым, – деді С.Нұрымова.
Ансамбль жетекшісі онлайн дайындықтың ешқандай қиындығы жоқ екенін айтады. Әрине, көзбе-көз дайындыққа не жетсін, онлайн дайындықтан өте үлкен нәтиже болмайды. Дегенмен балалардың барлығы да құштарлықпен қатысуда екен.
– Бәрі де айтқан тапсырманы жақсы орындайды. Би киімдерін киеді, бөлмелерін алдын ала дайындап алады. Артық заттарды алып тастайды. Жалпы менің ансамблімдегі балаларым тәртіпті, сондай ұқыпты. Қандай тапсырма бересің, соны тап-тұйнақтай орындайды. Кешеден бастап тағы да екі топ қосылды. 124 бала онлайнға шығып жатыр. Бәрін бөлгенде 6 топ. Әр топта 28-дей бала бар. Соның 85% онлайн сабаққа қатысып отыр. Біреуінде интернет, қалта телефоны жоқ деген мәселелер жоқ емес. Демалыс біткеннен кейін 100 пайыз қосылады деген үміттемін,- дейді би ансамблінің жетекшісі.
Жалпы облыстық білім басқармасы ата-аналарға сұрақтар мен кеңестер алу үшін облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясына 39-64-16 телефоны бойынша хабарласуға болатынын хабарлайды. Егер ата-ана немесе бала үшін қиындықтарды еңсеру қиын болса, 37-08-58 телефоны бойынша хабарласып, Психологиялық қолдау орталығының мамандарына жүгінуге болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ