“Қоғамдық орындарда бетперде киіп жүр!”
Осындай атаумен облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірігіп автобус жолаушылары арасында акция ұйымдастырды. Сонымен қатар, орталық мамандары мен белсенді жастар қостанайлықтарға коронавирус індетінің алдын алу шаралары туралы ақпарат беріп, арнайы насихаттық парақшаларын да ұсынды.
– Өздеріңіз білесіздер, коронавирустың қаупі күн өткен сайын еселеніп отыр. Әлемнің қаншама еліне тарап үлгерген вирустан біздің елімізде де мыңдаған адам сырқаттанып, тіпті қаншама адам бақилық болуда. Өкінішке қарай, кейбір адамдар әлі де салғырттық танытып, коронавирустық инфекцияның сақтық шараларын сақтамауда. Әсіресе, қоғамдық көліктерде бетпердесіз жүргендер қаншама. Сондықтан біз еріктілермен бірге қоғамдық көлік жолаушылары арасында бетперде таратып, көлік ішінде COVID-19 індетінің алдын алу туралы плакаттар ілу туралы арнайы шара өткізуді қолға алдық. Сондай-ақ, жолаушыларға адамдар көп жиналатын жерлерде бетперделерді не үшін және қалай кию керектігін де түсіндірдік. Өйткені, қазіргідей дерт дендеген қиын шақта азаматтарымызға бетперде киюдің маңыздылығын жиі-жиі еске салып отыруымыз керек, – дейді орталықтың атқарушы директоры А.Садуақасова.
Бұдан өзге орталық мамандары “Темекіні тастаудың тамаша күні!” деген ұранмен қала тұрғындары арасында тағы бір акция ұйымдастырды.
