Жарқырап топ ішінде жүрген едің…
ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері
Молдахметов Назымбек Молдабекұлының рухына арналады
Қанша ойласақ кірмейтұғын еш миға,
Жан күйзелтер болды қиын оқиға.
Құтқарам деп суға батқан адамды,
Ер Назымбек кете барды бақиға.
Орындап бабалардың бұрынғы өсиетін,
Қазақтың қара домбырасын қасиетті
Қолға алып күй шерткенде арқаланып,
Күйшілердің біразы бас иетін.
Сенде бір азамат ең дара тұлға,
Өнер үшін жан едің жаратылған
Жазымыштың ісіне шара бар ма,
Кім бар екен өлімге ара тұрған.
Баурап алып адамды сөзіңменен,
Нұр шашушы ең мейірімді көзіңменен
Домбырашы елінде кім бар десе,
Бәріміз мақтанушы ек өзіңменен.
Ашуды жеңдіруші ең ақылыңа,
Қамқор болып жүруші ең жақыныңа
Қайындыны жақсы көрем деп жүріп,
Суы оның тартып кетті ақырына.
Жарқырап топ ішінде жүрген едің,
Айтқым келмейді мен сені өлді дегім
Өнер сүйер қауымның жүрегінде,
Мәңгілік сақталасың Назымбегім.
Жаттың енді қара жерге тұрақтап,
Қабіріңде жарық болсын шырақтан
Бір Алладан тілегім сол өзіңе,
Бақидағы орның болсын жұмақтан.
Тұрғын Досмағанбет
Қостанай қаласы