Жол жайына кім жауапты?
Облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу кезінде өрескел қателіктер кетіп жатады. Осындай олқылықтың кесірінен жол нашарлап, шығын көбейеді. Сол себепті жол мердігерлеріне сын көп. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қостанай облыстық филиалы ашық мәлімдеп отыр. Кей жағдайларда мердігерлер ескертулерге бірден жауап бермейді. Тіпті, жол жайына тікелей жауапты кейі өңірдің атқарушы билігі күрделі жайтқа назар аудармайды. Мәселенің мән-жайын филиал директоры Абылайхан Алшынбаевтан сұрап көрген едік.
– Абылайхан Ерболұлы, аудандардағы жол жайы қалай? Ұлттық сапа орталығының атқарушы билікпен кері байланысы қаншалықты маңызды? Қалай бағалайсыз?
– Жұмыстың жемісі мүдделі органдардың тығыз байланыста жұмыс істеуі арқылы көрінеді. Сондықтан әкімдіктермен қарым-қатынасмыз өте маңызды. Заң бойынша біз өз жұмысымызды жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауға арналған шарттар негізінде жүргізуге міндеттіміз. Бұл шарттарды біз әр қала мен аудандағы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен жасасамыз. Бүгінгі күні мұндай шарттар Федоров, Жітіқара, Жангелдин, Қарабалық, Қостанай, Ұзынкөл, Әулиекөл, Денисов аудандарымен, сондай-ақ Қостанай және Рудный қалаларымен және Денисов және Тельман ауылдық округтерімен жасалды. Келесі ретте Лисаков қаласы, Меңдіқара және Бейімбет Майлин ауданының әкімдерімен жолығып, жұмыс жоспарын құрамыз.
– Сапа орталығының жолдардағы тексерулері қандай нәтиже береді? Нақты сандарға шаға аласыз ба?
– Республикалық жол желісі аясында біздің филиалдың бақылауында тоғыз учаске бар. Жергілікті жол желісінде біз 31 нысанды, қалалық жерлерде 32 нысанды бақылаймыз. Жыл басынан бері Қостанай облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бойынша 520 инспекция жүргізілді. Осы уақыт ішінде 613 заңбұзушылық анықталды.
– Жұрт жаңа салынған жолдың бір жылға жетпей шұрық-тесігі көрініп, тозығы жететінін айтады. Жалпы тасжолдарда қандай кемшіліктер жиі кездеседі?
– Әуелі жол жабынын төсеу кезінде асфальтбетон қоспасының температурасының сәйкес келмеуін айтар едім. Көбіне талап етілгеннен температурадан төмен шығып жатады. Мұнан соң темірбетонды бұйымдарды қоймаларда дұрыс сақтамау. Кей жерлерде жер төсемі иірімделіп қалады. Тасжолдың тез бүлініп, толзып қалатыны сондықтан. Сондай-ақ жұмыс өндірісінің технологиясын сақтамауды айтуға болады. Мысалы, жол төсемін орнатқан кезде тиісті күтім болмаса, жағдайдың қиындайтынын сезе беріңіз. Бұған қоса құрылыс алаңында жол-құрылыс техникасының жетіспей жататыны тағы бар.
– Кемшіліктер анықталды делік. Олқылық ретке келіп, жақсы нәтиже алу үшін қалай жұмыс істейсіздер?
– Негізі, жұмыс былай түзіледі: кемшіліктерді түзету туралы нұсқау бар хат жібереміз. Қазіргі уақытта біздің филиалдан тапсырыс берушілерге, мердігерлерге жалпы қолданыстағы жолдар бойынша 204 ұсынымхат жіберілді. Алайда, жергілікті атқарушы органдардан кері байланыс іс жүзінде жоқ. Атап айтқанда 80 филиалға жолданған хаттың жауабы жоқ. Мұны жергілікті атқарушы билік назарға алуы тиіс.
– Аймақтың проблемалық учаскелерін атап көрсетіңізші. Қай тұста жұмыс өнбей жатыр, қайсысында жақсы көрсеткіштер бар?
– Облыс орталығындағы Ворошилов көшесінің бойындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс кезінде іріктелген асфальтбетон қоспасы нормативтерге сәйкес келмеді. Осы топтамамен орындалған жұмыс көлеміне қатысты біз тапсырыс берушіні, Қостанай қаласының ТКШ хабардар еттік. Бірақ мердігер мен тапсырыс берушіден жауап түскен жоқ. Бұны бір деңіз. Орталық мамандары М-36 (Екатеринбург-Алматы) автожолының 700-714 км учаскесінде ереже бұзушылықтарды анықтады. Жолдағы жарықтар, сынықтар мен ағындардың салдарынан темір-бетон бұйымдарын қабылдамадық. Сондай-ақ, Әулиекөл-Жалдама автожолының КР-20 100-150 км учаскесінде осындай ақаулар анықталды. Ақыры темір-бетон бұйымдары жарамсыз қалды. КР-21 Докучаевка-Раздольное-Аралкөл автожолының 23-34 км учаскесінде жол жабынын төсеу кезінде асфальтбетон қоспасы температурасының сәйкессіздігі анықталды. Тобыл-Таран-Красносельское тас жолының 17-45 км бөлігінде асфальтбетон төсеміндегі жарықтар пайда болды. Бұл тізімді жалғай беруге болады.
– Түсінікті, осындай заңбұзушылықтарды азайту үшін не істеу керек?
– Ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар бейқамсыздыққа жол беріп қояды. Жол – кез келген өңірдің ажары. Бұл ешқандай да асыра сілтеу емес. Дәл осы жолдардың жағдайы бойынша Үкімет кешенді бағдарламалар қабылдап, қаулылар шығарылып жатқанын көруге болады.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев