Ардагерлерге азық-түлік жеткізді

«Ата» қоғамдық қоры ардагерлерге құрмет көрсетті. Аталған ұйымның кезекті қайырымдылық шарасы кезінде Қостанайдағы 80 қарияның үйіне азық-түлік жеткізілді.
IMG_8643
«Кезекті» деп айтуымыздың себебі көзі қарақты оқырмандарға белгілі. Бүгінде 400-ге тарта мүшесі бар қоғамдық қор қарттарға арналған көптеген игілікті бастамаларға ұйытқы болып жүр. Мереке, мерейтой қарсаңындағы сый-сияпаттан бөлек, ардагерлерді аудан, қалаларға апарып, өздері бұрын қызмет істеген орындарды аралатады. Былтыр қырық шақты қария Қазан қаласына саяхаттап келді. Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларына да сапарлап қайтты. Биылғы жағдайға байланысты ұйым мүшелерін басқа жаққа қыдыртудың реті келмей тұр. Сондықтан, қор төрағасы «көнекөздер көңілге азық етер» деген ниетпен қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды дұрыс деп шешіпті.
IMG_8608
«Қаладағы ірі кәсіпорындардың басшыларына қоңырау соғып, ардагерлерге көмектесуін өтіндім. Ешбірі тартынған жоқ. Нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар, 80 адамды қуантуға жететін азық-түлік жиналды. Біз бұл жолы жалғызілікті немесе балалары алыста, өзге қалаларда тұратын қарттарымызды басты назарға алдық. Тізімге 90 жастың о жақ, бұ жағындағы кісілер кіргізілді. Мүмкіндігі шектеулі зейнеткерлер де бар. Карантин кезінде ардагерлеріміз ешқайда шыға алмай, үйде отырып қалды. Қазақта «көңіл – қымбат» деген бар ғой. Біздің іс-шарамыздың бір мақсаты – сол қазыналы қарттардың көңілін бір көтеру», – дейді «Ата» қоғамдық қорының төрағасы Марат Қабдысалықов.
Азық-түлік дорбасы ардагер жорналшы Дәуренбек Ахметбековтің үйіне де жеткізілді. Тоқсаннан асқан қария игі шараның бастамашыларына ырзашылығын білдіріп, батасын берді.
IMG_8707
«Осынау қиын күндері бізді еске алып, қамқорлық жасап жатқан азаматтарға көптен-көп рақмет айтамын. Кәсіпкерлер ардагерлердің бәрін бірдей біле бермейді. Осы орайда, «Ата» қорына алғысым ерекше. Бәріміздің жағдайымызды сұрап тұрады. Зейнеткерлер үшін қазір дәруменге бай азық-түлік өте қажет. Бұл – үлкен көмек. Үлкендерден өнеге үйреніп, еңбегін ескерген, қарияларға азық-түлік тасып жүрген жастарға да ризамын», – деп алғысын жаудырды ақсақал.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓