3 наурыздан бастап азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады
Қарызға батқан Қазақстан азаматтары 3 наурыздан бастап өзін банкрот деп тануға өтініш бере алады. Осы күннен бастап "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" деп аталатын заң күшіне енбек. Бұл жаңашылдықтың түйткілді тұстарын Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының бас маманы Әсем Оспанова тарқатып айтып берген еді. «Бақсақ – бақа екен» демекші, бұл жайдың да өзіндік түртіп алар тұстары жетеді.
– Әсем, несиесін төлей алмай жүрген адамдарға қарыздарынан арылатын мүмкіндік пайда болып, жаңа заң көмекке келді деп айта аламыз ба? Осы турасында не дейсіз?
– 2022 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентімен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына қол қойылды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап Заңда қарастырылған рәсімдері қолдануға арыз бере алады. Бірақ бұл орайда біле жүрер жайлар баршылық.
– Кімдер банкроттыққа жүгіне алады?
– Дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасының азаматы төлемге қабілетсіз болса Заңда көзделген негіздер бойынша заңда қарастырылған рәсімдерді қолдануға құқылы. Соттан тыс банкроттық рәсімі және сот арқылы банкроттық рәсімінде борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда Заңға сәйкес «банкрот» деп танылады.
– Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін қандай талаптар қойылған?
– Халықаралық тәжірибені ескере отырып Заң 3 түрлі рәсімді қарастырады: соттан тыс банкроттығы, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Заңда қарастырылған рәсімдердің қайсысын борышкерке қатысты қолдануды – әлеуетті банкроттың заңда айқындалған кіріс критерийлеріне сәйкес келуіне байланысты болады.
Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Сот арқылы банкрот деп танып, төлем қабілетін қалпына келтіру үшін борышкер тұрғылықты жердегі сотқа жүгінуі керек. Сот арқылы банкроттық рәсімін өткізу мерзімі – алты ай, оны сот негіздер болған кезде алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.
– Банкрот болған адамның бүкіл қарызы кешіріле ме?
– «Банкрот» деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, Заңға сәйкес қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектері кешірілмейді.
– Адам сот шешімінсіз қалай банкрот бола алады?
– Бұл заңда соттан тыс банкроттық рәсімі қарастырылған. Егер борышкер аталған рәсімнің кіріс критерийлеріне сәйкес келсе, борышкердің жосықсыз белгілері болмаса уәкілетті орган Заңға сәйкес «банкрот» деп тану туралы шешім шығарады
– Банкрот болғанда мұның соңы қандай жағдайларға апарады?
– Сот арқылы банкроттық рәсімі және соттан тыс банкроттығын қолданатын азаматтар 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредит (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) ала алмайды. 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Сондықтан әр адам өзін банкрот деп жарияламас бұрын дұрыстап, саралап ойланғаны жөн.
-
12 ай бойы қарызын өтей алмаған адам арыз бере алады. Борыштың мідеттемелері туралы ақпарат «Мемлекеттік кредиттік бюро» акционерлік қоғамының сайтында қолжетімді (https://id.mkb.kz/ Дербес есеп);
-
Борышкердің атына тіркелген мүлкі болмауы керек (оған ортақ меншіктегі мүлік те кіреді);
-
Борышкерге қатысты банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі. Берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы толығырақ «1459» нөмірі бойынша call-орталық арқылы не «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігіне жүгіне отырып біле аласыздар.
-
Кейінгі 7 жыл ішінде банкрот болып танылмаған тұлға болуы керек.