33 браконьер қолға түсті
Қостанай облысы Полиция департаментінің Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аймақ аумағындағы су айдындары бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында балық аулау ережелерін бұзудың 29 және аң аулау ережелерін бұзудың 4 дерегі анықталды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлайды."Полиция департаменті басшылығының нұсқауы бойынша табиғатты қорғау полициясы мен ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлерінен мобильді топ құрылды. 15 күн ішінде облыс бойынша балық аулау ережелерін бұзған 29 және суыр аңын аулау ережелерін белден басқан 4 азамат қолға түсті", – дейді Қостанай облысы ПД Табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Талғат Ахметов.
Полицейлер атап өткендей, Орман және аңшылық шаруашылығы, Науырзым және Жангелдин аудандарының аңшылық шаруашылықтары қызметкерлерімен бірлескен жұмыстың арқасында киікке браконьерлік жасау оқиғалары тіркелген жоқ.
Негізінен, киіктің төлдеуі Торғай аймағында өтеді. Қыркүйек айынан бастап тұяқты жануарларды аулау басталады. Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 275 дерегі анықталып, 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.Сонымен қатар, тәртіп сақшылары интернет арқылы ақбөкен мүйіздерін сатуды анықтау жұмыстарын жүргізуде.