Аймақта қандай хабар бар?

Үміткерлердің үздіктері іріктеледі
Облыста. Аймақтық кеңеске үміткерлерден өтініш қабылдау басталды. Кандидат ретінде өңірде тіркелген кәсіпкерлік нысандарынан, өздігінен реттелетін ұйымдар мен ассоциациялардың басшылары таңдалады. Талаптар – олар ел азаматы болу керек, облыстық, қалалық мәслихат депутаты болуы шарт, өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсене араласатын тұлға екенін айғақ ұсынуы тиіс.
 
5 мыңнан асты
Қостанай. Коммуналдық қызмет үшін 15 000 теңге төлем алушылар саны 5 мыңнан асты. Төлемнің көп бөлігі олардың жее шоттарына аударылған. Үш ай ішінде 11 мың қостанайлық өтініш жіберіп, оның тек 5 307-і мақұлданған. Көп өтініштен талапқа сәйкес келмегендіктен бас тартылды. Республикалық бюджеттен қалаға 159 млн теңге бөлініп, бүгінге дейін 107,5 млн теңгесі төленген. Қалғаны 20 шілдеден кейін берілмек.
 
Кәсіпкерлерден көмек
Б.Майлин. "Варваринский" АҚ көмегімен аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып сапалы көтергіштер сатып алынды. Ресейлік құрылғы құны – 960 мың теңге. Ол жергілікті тұрғыннан жалға алынған "Фольксваген" шағын автобусына орнатылды. Мұның сыртында, күштік және кардио жаттығу құралдары де сатып алынды. Олар Тобылдағы спорт кешешіне орнатылды.
 
Жолдар жөнге келеді
Амангелді. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығындағы бес ірі көше – М.Дулатов, Д.Божманов, Кейкі батыр, С.Мәуленов, А.Байтұрсынов көшелері жөндеуден өтті. Оған 185 333 699,51 теңге бөлінген. Ал Абай көшесіне тортуар төселіп, жаңадан шамдар ілінбек. Сондай-ақ аудандық маңызы бар Амантоғай, Байғабыл, Ақсай селолық округтерінің жолдары жөнделеді. Жұмысқа аудан тұрғындары көбірек тартылмақ.
 
Аптадан соң табылды
Ұзынкөл. Речное ауылынан 5 шақырым жердегі Жарқайың көлінен 51 жастағы адамның денесі табылды. Ол қасындағы серігімен бірге балық аулауға барып, қайықтары көл ортасында аударылған. Бірі өз бетімен жағаға жетіп, бірі батып кеткен. Марқұмды іздеу жұмыстары аптаға созылды. Оған 8 құтқарушы, 2 жүзу құралы, 2 техника жұмылдырылды.
 
Орман өртенді
Қарабалық. Өрнек ауылынан 10 шақырым жерде орман өртенді. Тілсіз жау 15 гектар аумақты шарпыды. Қызыл жалынмен күресуге 12 адам және 5 арнайы техника жұмсалды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша, өрт найзағай түсуінен пайда болуы мүмкін. Мамандар қауіпсіздік ережелерін сақтап, өртке куә болған жағдайда дереу тиісті орындарға хабарлауды сұрайды.
 
Қылмысқа апарған қызғаныш
Лисаков. Қаланың 53 жастағы тұрғынын пышақпен жарақаттау дерегіне қатысты остқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу амалдары кезінде анықталғандай, жәбірленуші ер адамға өзімен тұратын 56 жастағы әйел қол жұмсаған. Мұндай қылмысқа баруына қызғаныштан туындаған жанжал әсер еткен. Оқиғаның жай-жарсары нақтылануда.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓