Нұр-Сұлтан – тәуелсіздік мәуесі
Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің елордамыз – қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның бет-бейнесі, көпұлтты және көпконфессиялы елдің достығы мен бірлігінің символы. Нұр-Сұлтан дүние жүзіндегі өте жас астана, бірақ соған қарамастан, аз уақытта ажары артып, мансабы өскенімен әлем жұртшылығының таңданысын тудыра білді. Тіпті, елордамыз жаһанның күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, төрткүл дүниеге төрелік айтылатын саяси алаңға, Еуразияның жүрегіне айналғанына да баршамыз куәміз. Бұл – жас егемен мемлекетіміздің жасампаздығының көрінісі. Бұл – мәңгі жастықтың қаласы, армандар орындалатын шырайлы шаһар. Тарих пен келешектің ортасына қойылған ескерткіштей, тәуелсіздіктің мәуесіндей болған Елорданы бүкіл Қазақстан жұрты болып мақтан тұтайық, қадір көрейік дегім келеді.
Баршаңызға мықты денсаулық, бейбітшілік, әр отбасына амандық, Қазақстанның өркендеп, елордамыздың өркендеуін тілеймін!
Алма Дощанова,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры