Сәлім МЕҢДІБАЙ: “ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ” – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ!

Қаламын қалың қауым қастер тұтқан тұлға! Мұндай сөз Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері Сәлім аға Меңдібайдай қаламгерге ғана лайық. Кешегі Бейімбет, Мұхамеджандар аманатын арындай көріп, саналы ғұмырын қарашаңырақ  – "Қостанай таңы" газетімен байланыстырған баспасөз ардагеріне ардақты лебіздің қандайы да жарасымды… Осынау өнегелі, өр болмысты Сәлім ағамызбен журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында сұқбаттасудың сәті түсті.Без названия (3)  – Сіз жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистикаға, оның ішінде сүйікті газетіңіз "Қостанай таңына" арнаған жансыз. Осы жылдар бедерінде оқырмандарыңызбен басылым арқылы сырласып, өмірдің сан алуан саласында қалам тербеп, қаншама құнды туындылар тарту еттіңіз. Ендігіде ел-жұртыңызбен өзіңіз жайында, еңбек жолыңыз туралы сыр бөлісуге кезек келді деп білеміз. Әңгімені осы мамандыққа келуіңіз жайлы баяннан бастасаңыз…
            – Журналистика – қасиетті де қастерлі мамандық. Ал журналист болуды бала кезден армандау керек және сол арманға адал болған адам ғана бұл мамандықтың биігін бағындыра алмақ. Ойлап отырсам, менің бүкіл саналы ғұмырым осы "Қостанай таңы" газетімен байланысты екен. Мектепте оқып жүргенде де, студент кезімде де, тіпті сонау Забайкал әскери округінде взвод командирі қызметінде жүргенде де мен сол кездері "Коммунизм жолы", "Коммунизм таңы" атанған осы үнпараққа хабар-ошар, мақала жазып тұрдым. 1971 жылдан бастап редакцияның өз адамы болдым, аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Сапабек Әсіпов сияқты ағаларым редакцияға жаңа келген жас журналиске ерекше қамқор болып,арқамнан қақты, ағалық ақылдарын айтып, бай тәжірибелерімен бөлісті, қателіктерім болса, кешірді, талап-талпынысты қолдады, қанаттандырды. Сондай тәлімгер ұстаздар алдын көрген талай жас журналистер сияқты мен де редакцияның өз адамы, бүкіл ғұмырын осынау қасиетті мамандыққа арнаған жандардың бірі болып қалыптастым деп айта аламын. Ізденіс, табанды еңбектің нәтижесінде он шақты кітап жаздым, жүздеген авторлармен жұмыс істеп, қаламдарын ұштауға көмектестім. Өзің айтқандай, осы редакцияда қырық бес жыл еңбек етіп, жасым жетпіске келгенде зейнеткерлікке шықтым. Әріптестерім, жұртшылық өкілдері ерекше сый-сияпат көрсетіп, қара шаңырақтан құрметпен шығарып салды. Бұдан асқан қандай мәртебе бар!
            – Ең алғаш "Ауыл" атауымен жарық көрген бұл баспаның бастауында Бейімбет Майлин мен Мұхамеджан Сералин тұрғаны тарихтан мәлім. Осынау әйгілі тұлғаларды, әсіресе Алаштың Би-ағасын айрықша қастер тұтатыныңызды айтып жүресіз. Қабырғалы қаламгердің журналистикадағы жолыңызды ашқанын айтуыңыздың сыры неде?
            – Иә, ғасырлық тарихы бар бұл басылымда қазақ ұлтының әйгілі тұлғалары Мұхамеджан мен Бейімбеттің тұңғыш болып мөрі басылды. Осы газетті алғаш алға сүйреген – ұлт мүддесі жолында құрбан болған осы қос арыс еді. Жалпы, біле білсең, сонау қаралы жылдары бұл қарашаңырақтан 14 адам қуғын-сүргін құрбанына айналған. Оның сыртында, нақақтан-нақақ абақтыға қамалғандары қаншама. Сонда да, қандай қасірет тұсына тап келсе де, бұл үнпарақ өзінің "өмір сүруін" тоқтатпаған. Талай қиян-кескі дәуірлердің, өз маңайындағы іркіс-тартыстардың куәсі болған газет деп айтуға болады. Мұнда бүкіл исі қазаққа танымал көптеген қаламы жүйрік жазушылар, жақсы-жайсаңдар, атпал азаматтар қызмет етті. Менің тағдырымның да осы газетпен тоғысқанын үлкен ғанибет санаймын.
Ал, енді,  "Би-аға менің журналист болу арманыма серпін берді" деуімнің себебін айтайын. Алматыға журналист мамандығына түсуге бара жатқанымда пойыз ішінде қызық оқиға болды. Қарсымда отырған бір қыз әлдебір кітаптан басын алмай келеді. Оқып отырып, жымип күліп қояды. Онысын көріп отырып, "қандай кітап болды екен?" деген қызығушылығым арта түсті. Бір кезде жаңағы қыздан әлгі кітап туралы сұрадым. Бейімбет Майлиннің "Азамат Азаматыч" атты шығармасы екен. Қолқалап сұрап алып, пойыз тамбурына шығып тұрып, соңғы әрпіне жеткенше тапжылмастан, бір деммен оқып тауыстым. Келесі күні емтихан тапсыруға барғанымда алғашқы суырған билетімнің сұрағы дәл осы шығарма туралы болып шықпасы бар ма – "Бейімбеттің "Азамат Азаматыч" атты шығармасы". Профессорларға сұрақты дауыстап оқып бердім. "Бұл туындыны оқыдың ба?" – деді ол кісілер. "Иә", – деп сеніммен жауап қаттым. "Ендеше бір ғана сұраққа жауап бере қойшы, Азамат Азаматычтың шын аты кім?" – деді емтихан алушылардың бірі. Бұл шығарма туралы сұрақтан маған дейін көп адам сүрініпті. Оның сыры да түсінікті еді, өйткені ол – Би-аға енді ақталып жатқан кез. Ал әлгі кітап екінің бірінің қолына түсе бермейтін. Құдай оңдап, маған тап болуын қарашы!  Сөйтіп, осы бір кездейсоқтыққа іштей разы болып тұрған күйі: "Оның шын аты – Қожалақ Күркілдеков", –  деп жауап бердім мүдірместен. Емтихан қабылдаушылар разы болып кетіп, "5" деген баға қойып, шығарып салды. Мінекей, журналистика мамандығына осылай түсіп кетіп едім. Осы бір өзім үшін тағдыршешті болған оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Мұның сыртында, Би-ағаның азаматтық болмысы, ұстанымдары, бай шығармашылық мұрасы – бәрі-бәрі қашанда  үлгі-өнеге тұтуға тұрарлық қой, шіркін. Өзім алғашқы күннен бастап қастерлі қаламгердің суретін кабинетімнің төріне іліп қойдым. Осынау Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин ағалар бастап берген ұлттық намысты "Қостанай таңы" қай кезде де ту етіп ұстап келді. Қос тұлғадан қалған дәстүрді Бақытжан Нұрмұхамедов, Салық Молдахметов, Ғұмар Ахметшин, Жайберген Болатов сияқты редакция басшылығына келген көптеген қарымды қаламгерлер де жалғастыра білді деп білемін. Қара шаңырақтағы бүгінгі журналистер де сол дәстүрге берік.Без названия (4)
            – Сіздің қолтаңбаңыз қалған басылымда өзіңіз тұсауын кескен, бүгінге дейін ізбасарларыңыз сәтті жалғастырып жүрген, оқырмандар асыға күтіп отыратын айдарлар баршылық. Сонда да, сіздің кезіңізде жемісті жұмыс істеп тұрған, бүгінде атауының өзі "көмескілене" бастаған  басқа қандай қосымшаларды есіңізге түсіре аласыз? 
            – Кезінде өзім бас болып газеттің үш бірдей қосымшасын шығарғаным бар. Мәселен, жастарға арналған "Намыс", қыз-келіншектерге арналған "Ақсұлу", тарихи-танымдық "Зерде" қосымшалары есіме түріп отыр. Негізі, асықпай ойлап отырсаң, олардың қатары әлдеқайда ұлғая түсер еді. Олардың әрқайсысында оқырман талғамын қанағаттандырарлық көптеген мазмұнды дүниелер жарық көрді. Сондай қосымшалардың бірінде жарияланған ұлағатты ұстаз Жұмағазы Бекбосыновтың "Қазақша оқы, қарағым" атты мақаласы күні бүгінге дейін жадымда. Онда ол қазақ мектебінде оқыған баланың жеті бірдей артықшығын ерекше дәлелмен тәптештеген еді. Ұлттық санаға сілкініс жасайтын, жұртшылыққа ой салар, қоғамдық пікір туғызар, өмірдің ең бір өзекті мәселелерін сөз етер мұндай материалдардың талайы жазылып, жарияланды. Тарихқа бойлап, ақтаңдақтар ақиқатын зерделеген сан алуан туындылар жарыққа шықты. Ол кезде очерк, фельетон, сатира сияқты жауынгер жанрлар салтанат құрды. Бүгінде бұл жанрлардың "сәннен шығып" бара жатқаны өкінішті. Жедел ақпарат алмасу дәуірінің сұранысына сай келмей ме, әлде бар болғаны автордың талабы мен қарым-қабілетіне байланысты ма – бұл құбылыстың нақты себебін дәл қазір дөп басып айту қиынырақ. Әйткенмен, әрине, қазір де газеттің бет-бедерін, мән-мазмұнын келістіріп отырған көптеген айдар, қосымшалар жұртшылықтың рухани игілігіне жарап отыр дей аламын. Талапты жастардың қатары толығып, табысты еңбек етіп жүргені де көз алдымызда.unnamed (1)
            – Сіздің публицистикалық еңбектеріңіз бір төбе. Әсіресе, өңір ардагерлері туралы көп қалам тербедіңіз. Жинақ болып шыққандары да баршылық. Осы тұрғысында сөз қозғасаңыз…
            – Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толды. Сол қан майданға қатысқан ардагерлер уақыт алға жылжыған сайын азайып келеді. Журналистік қызмет бабында мен Қазбек Әлжапаров, Қажи Маманов, Молдағали Жүнісбеков, Мағауия Жүнісов, Камалбек Зәкіров, Асылхан Мүсәпіров, Сардар Сыздықов, Нүркен Жолмұхамедов, Әбілжан Нұрмұхамбетов, Қабден Ыбыраев, Телғара Әбенов, Кәкен Жетпісбаев, Қозғамбек Халықов, Алмат Кемелев, тағы басқа көптеген ардагерлермен кездесіп, сұхбаттастым. Асыл ағалардың отансүйгіштігі, ұлтжандылығы, ерекше парасат-пайымы кім-кімге болмасын ғажап үлгі еді. Бүгіндер кейде сол жауға қарсы атой салып, кеудесін оққа тосқан қайталанбас ағаларды сағынамын. Нағыз кесек адамдар, нағыз қазақ, нағыз қас батырлар солар еді. Қай қырынан да бүгінгі бізден бір бас жоғары тұрды дей аламын! "Өшпес даңқ" атты кітап жазып, сол ағаларды артақтағанымды өмірдегі ерекше бір еңбегім деп білемін. Мен  редакцияға қызметке орналасқанда ұжымда оннан астам майдангер ағамыз болды. Олар: Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Бексұлтан Бөкенбаев, Сабыржан Мәсәлімов, Сары Қазбеков, Молдахмет Ғалымжанов, Жәпкен Мәмбеталин, Әнуар Меңдібаев, Сапабек Әсіпов, Қасымхан Алдабергенов… Бүгінде Қасымхан ағамыздан басқалары бақилық болды. Мен сол ардагерлер туралы "Менің майдангер ағаларым" атты мақалалар дестесін жарияладым. Қасекең туралы "Қасымхан ағам – қас батыр" атты очерк жазғаным да бар. Соғыстан кейін туған ұрпақтың өкілі ретінде мен бізге бақытты өмір сыйлаған майдангерлер туралы үнемі қалам тартып жүремін. Бір жылдары майданнан өлеңмен жазылған жүздеген хатты тауып, оқырманға ұсынғанымды да айта кетейін. Осындай еңбектерім үшін берілген облыстық Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы – отбасылық архивімдегі ерекше құнды жәдігер. Орайы келгенде айта кетсем деймін, басқа да алған марапаттарым мен құрметті атақтарым аз емес. "Әскери ерлігі үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Ерен еңбегі үшін" медальдарым да өмір жолымдағы айдарлы белестерімнің айғағы. Туған жерім құрмет тұтып ұсынған марапаттар қатары одан да көп. Қайсыбірін айтайын. Ең бастысы, адалдықпен атқарған еңбегімнің еленгеніне шүкіршілік етемін. Өзім бала жастан армандап, таңдап алған журналист мамандығына, Қостанай сияқты қазыналы өлкенің айнасы "Қостанай таңына" адал болдым. Сөйтіп, ол менің тағдырыма айналды. Мен үнемі "Қостанай таңы" – менің газетім" деп мақтанышпен айта жүрем.
            – Кәсіби мереке қарсаңында ізбасарларыңызға қандай лебіз жолдайсыз?
     – Үнемі алғы сапта болып, халық пен биліктің арасына алтын көпір салып жүрген барлық әріптестерімді осы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Журналистиканың қасиетті де қастерлі мамандық екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Соны ұмытпайдық, өз мамандығымызға адал болайық, ағайын!
            – Бәрекелді! Әңгімеңізге көптен-көп рахмет!

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Мерекең құтты болсын, денсалығың мықты болсын, еңбегің жемісті болсын. Бақытжамал Мұқашқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓