Алты қала шектеуге алынады
Бүгін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев карантин жағдайында шектеу шараларын күшейту туралы арнайы брифинг өткізді.
Соңғы күндері облыста эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кеткені мәлім. Жалпы, өңірде 3 сәуір мен 23 маусым аралығында 629 адам инфекция жұқтырған. Оның ішінде, 369 адам симптомды коронавирус індетіне шалдыққан, сондай-ақ 260 тұрғыннан кеселдің клиникалық көрсеткіштері жоқ түрін жұқтырып, тасымалдаушы деп танылған. М.Жүндібаевтың мәліметінше, бүгінге дейін 192 науқас емделіп шығып, 3 адам көз жұмған. Індет құрбандарының екеуі – жітіқаралықтар және Жангелдин ауданының бір тұрғыны өмірмен қош айтысты.
"Апта сайынғы ауру жұқтыру жағдайының өсу қалпының анализі бойынша, 8-14 маусым аралығында 56 адам, 15-21 маусым аларығында 251 адам індетке шалдыққан, – деді М.Жүндібаев. – Соңғы 7 күнде науқастанғандар саны күрт өсті. 19 маусымда 20 дерек, 21-22 маусымда екі күн қатарынан 33 деректен тіркелді".
Қазіргі уақытта инфекцияның таралмауын қамсыздандыру үшін облыста 1351 төсек-орын дайындалған. Оның 346-сы симптомды кесел жұқтырғандар үшін провизорлық бөлімшелерде әзірленген. Ал науқастармен байланысқан азаматтарға арналып 713 карантиндік кереует қойылыпты. Індетке шалдығып түскендерді қабылдайтын 292 инфекциялық төсек-орын бар екені, бүгінгі таңда оның тең жартысы толық екені мәлім болып отыр. Қазір емдеу мекемелеріне қосымша орындар жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Бүгінгі таңда өкпені жасанды желдетуге арналған 190 аппарат бар, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары. – Мұның сыртында, жақын күндері облыс ауруханасына осындай 5 жаңа аппарат әкелінді. Маусым-шілде айларында қосымша 60 шақты заманауи аппарат келмек. Оның 35-і – стационарлық, 25-і – жедел медициналық көмек кезінде қолдануға арналған".
Медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету туралы да мәліметтер айтылды. Мамыр айында облыстың 1671 дәрігері жалпы сомасы 331,2 млн теңге болатын төлем алған. Тағы бір мәлімет – "Ұлттық сараптама орталығының" Қостанай филиалында 3 зертхана және "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасы тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бұларда тәулігіне 1600 зерттеуге дейін жүргізіледі. Осы айдың соңына дейін қосымша зертханалар ашу жоспарланып отыр. Одан кейінгі маңызды мәселе – нысандардағы санитарлық талаптардың бақылауда ұсталуына қатысты. Бұл үдеден шықпай отырғандар туралы айтылды.
"Тыйымдарға қарамастан кафелерде, мейрамханаларда банкеттер, үйлену тойлары, мерекелік кештер тойлануы тоқтар емес. Қаладағы 2 балабақшада екі қызметшінің індет жұқтырғаны анықталды. Осыларға байланысты карантин шараларын күшейту қолға алынып отыр. 23 маусымда балабақшалардың, спорт кешендерінің, қоғамдық тамақтану нысандарының қызметіне тыйым салынды. Мұның сыртында 27-28 маусымда Қостанай, Рудный, Жітіқара, Лисаков, Арқалық, Тобыл қалаларында локдаун режимі орнайды", – деді М.Жүндібаев.
Аталған қалалардатұрғындардың үйден жұмыс үшін, ем алуға,дәрі-дәрмек, азық-түлік, қоқыс төгуге, жеке көлікпен саяжайға баруға ғана рұқсат етіледі. Ойын-сауық және сауда нысандарының, базарлардың, саябақ, скверлердің, жағалаулар қызметі, қоғамдық көліктер тоқтайды.
"Әр азаматтың жауапкершілігі елдегі жағдайды түзеуге көмегін тигізеді. Сондықтан, ұсынылған шараларды сақтай отырып, өзіңізді және жақындарыңызды инфекциядан қорғай аласыз. Баршаңызды қоғамдық орындарға себепсіз шықпауға, жұмыста және үйде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын", -деп түйіндеді М.Жүндібаев.