Біздің меже – 4,7 млн. тонна
Қостанай облысында күзгі орақ науқаны қызып тұр. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, осы сәтке дейін (30 қыркүйек) дәнді-дақылдың 68 пайызы қамбаға құйылды. Бидайдың орташа шығымдылығы гектарына он центнерді құрап отыр. Биылғы жылы Тобыл өңірінің жер емген қауымы ел қамбасына 4,7 млн. тонна астық бастыруы тиіс. Әзірге бекітілген меженің 2,8 млн. тоннасын жинау мүмкін болыпты.
Күзгі орақ науқаны облысымыздың оңтүстігінде – Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин, Наурызым аудандарында аяқталған. Ал, Жітіқара (94 %), Қамысты ( 89%), Әулиекөл (95 %) ауданындағы дала жұмысы мәресіне таяп қалды. Өңіріміздің солтүстігіндегі жағдай көңіл көншітпейді. Бұл жақтарда толассыз жауған жаңбыр мен күннің ашылмауынан дәнді-дақылдар пісіп, жетілмей қалған. Осы олқылықтарға байланысты, Федоров – 55 %, Ұзынкөл – 37 %, Сарыкөл – 47 %, Қарабалық – 51 %, Алтынсарин ауданындағы егіс алқабының 49 %-на ғана орақ тиіпті. Күн ашылса, егін орағын 20-шы қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Бұған техника да, жанар-жағар май да толық жеткілікті.
Сары алтынды сақтау үшін өңіріміздің 40-тан астам элеваторы қам жасауда. Олардың жалпы сиымдылығы 3,9 млн. тоннаны құрайды. Бұған қоса шаруа қожалықтары мен құрғақ қоймаларда 2,9 млн. тонна астықты сақтауға болады. Бидай бағасына тоқталар болсақ, мемлекеттік сатылым екі саты бойынша жүргізілмек. Атап айтқанда, қамырлығы 24-25 пайызды астықты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден 35 мың теңгеден, шаруа қожалықтарынан 34 мың теңгеден сатып алу жоспарланған. Ал, екінші саты бойынша қамырлығы 25-тен жоғары бидай ЖШС – 36 мың теңгеден, шаруалардан 35 мың теңгеден сатылып алынады.
Ылғал дәнді құрғату жұмыстары да жөнімен жүргізілуде. Облыс бойынша 230 кептіру құралы бар. Оның 93-інің шаруа қожалықтарына тиесілі екенін айта кеткен жөн. Мемлекет тарапынан арнайы кептіру құрылғылары үшін 15 мың тонна жағар май жеңілдетілген бағамен берілуі тиіс. Үкіметтің бұл шапағатын шаруалар қазан айында сезінетін болады.
«Жалпы алғанда, шаруалардың жағдайы жаман емес. Тек, мемлекеттен алған қарызды қайтарғылары келмейтіндігі қынжылтады» – дейді, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов. Билік өкілінің уәжіне құлақ асар болсақ, осы уақытқа дейін жер емген жамағат алған қарызының 143 млн. теңгесін ғана қайтара алыпты. Бұл жалпы қарыздың 3 пайызы ғана. Алынған несие мөлшері 5 млрд. 240 мың теңге. Қарыздың 2012-2013 жылдардағы алынған несиені пролонгациялаудан қордаланғанын айта кеткен абзал. Шаруалар қарызын қаржылай немесе бидаймен, арпамен қайтара алады. Ең бастысы, жыл аяғына дейін жапса болғаны дейді мамандар.
Жұматай Кәкімжанов