Қала келбеті өз қолымызда
Бүгін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Рудный қаласында болып, шаруашылық нысандарын аралады.
Алдымен облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Восточный көшесінде салынып жатқан 60 пәтерлі қос тұрғын үйге атбасын тіреді. Жастарға арналған арендалық баспананың құрылысы наурыз айында басталған болатын. Бас мердігер «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ небары 4 ай уақыт аралығында 5 қабатты ғимараттардың 3 қабатын тұрғызып, инженерлік желілерді жүргізіп үлгерді. Дегенмен, Архимед Бегежанұлы жұмысты одан да қарқындата түсіп, нысанды қараша айына дейін пайдалануға беруді тапсырды.– Кеше мен тұрғындардың алдында есеп бердім. Сол жерде де басты мәселе осы баспана болды. Біз биыл Қостанай қаласының өзінде 14 миллиард теңгені игеріп, екі мыңға жуық пәтерді тапсырдық. Енді кезек Рудныйға келді. Барлығы сіздерге байланысты. Егер жұмысты қыстан қалдырмай аяқтасаңыздар келесі жылға қаржыландыру көлемін арттырамыз, – деді ол.
Қала әкімі Бақытжан Ғаязов мердігер компания түнгі ауысымда да жұмыс істеп, ғимаратты кешіктірмей тапсыратындығына уәде берді.
– Осы уақытқа дейін қалада қаңырап бос тұрған ғимараттар қайта қалпына келтіріліп келсе, мына үйлер соңғы 20 жылда бастан-аяқ тұрғызылған нысандардың алғашқысы. Сондықтан осы игі бастаманы одан әрі жалғастырып, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың санын қысқартуға бар күшімізді саламыз, – деді Бақытжан Темірұлы.Әңгіме барысында қала әкімінің орынбасары Алмат Өмірбаев аймақ басшысына Парковая және Ленин көшелеріндегі 10 тұрғын үйдің қасбеті боялып, ажары ашыла түскендігін баяндады. Тапсырысты орындаушы «Пром-Адам 2050» ЖШС директоры Азат Сарбасов бояулардың сапасы жоғары, яғни күннің сәулесі мен ыстық-суықтан түсі 10 жылға дейін өзгермейтіндігін атап өтті. Бөлінген қаржы көлемі 60 миллион теңге. Қала әкімі Бақытжан Ғаязов биыл ERG компаниясы да «Туған жер» акциясы аясында үйлерді бояу мен көшелерді абаттандыруға 54 миллион теңге бөлетіндігін жеткізді.
Өңір басшысы одан әрі Ленин көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 730 миллион теңге бөлінген. Мердігер «ДК Кардинал» ЖШС жұмыскерлері аталған қаржыға бас көшелердің асфальт төсінешін ауыстырып, шұрық-тесік жолдарды жамамақ. Қыркүйек айының соңына дейін атқарылатын жұмыс көлемі 180 мың шаршы метр немесе 25,5 шақырым. Қазіргі таңда бұл көлемнің 32 пайызы орындалып, Ленин көшесінің Горняков-Комсомольский аралығындағы, Качарская көшесіндегі жолдар жөнделіп жатыр. Архимед Мұхамбетов қыруар қаржыны желге ұшырмай, белгіленген стандарттар мен технологияларды қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Одан кейін әкім Рудный қаласының 55 жылдығы қарсаңында ашылған «Достық» саябағын аралады. Тұрғындардың сүйікті демалыс орны жайлы Архимед Бегежанұлына мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ирина Лисицына ақпарат берді.
– Бұрын бұл аумақты ескі ағаштар ғана өсіп, айнала адам көргісіз күйде болды. Сондықтан Рудныйдың 55 жылдығы қарсаңында қала бюджетімен қоса демеушілерді тауып, 364 миллион теңгеге аумағы 5 гектар келетін су жаңа саябақты пайдалануға бердік. Қазір бұл жерде демалушы халықтың санында шек жоқ, – деді ол.
Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, Рудныйдың 60 жылдығы қарсаңында қаланы одан әрі көркейте түсу маңызды екендігін атап өтті.
– Қаланың келбетін көркейту – өз қолымызда. Бұл ортақ іске билікпен қатар жеке бизнес өкілдерін көптеп тартып, «Туған жер» акциясына атсалыстырсақ, қала тұрғындарының тек қана алғысын аласыздар. Сол себепті арқаны кеңге салуға болмайды, – деді Архимед Мұхамбетов.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Валерий Шпачукпен жылы желілерін жаңғырту мен қысқа даярлық барысын пысықтады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ