14 көлік 70 ауылға ауыз су тасиды
Қостанай облысына 14 автоцистерна әкелінді. Олар ауызсу мәселесі шешілмеген ауылдық жерлердің қажетіне жарамақ. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов "Қостанай Су" МКМ-не арнайы барып, коммуналдық кәсіпорын өкілдеріне жаңа техниканың кілттерін табыстады. Кәсіпорын басында кеңес өтті, талқыға айналған ең негізгі мәселе – халықты сапалы ауызсумен қамту.



"Мұның сыртында мен ауылдарға сапалы ауыз су тасу үшін 14 автоцистерна сатып алуға жергілікті бюджеттен 375,7 млн теңге бөлу шешімін шығардым. Бұл ішуге жарамды су қайнары жоқ ауылдарға арналады", – деді А.Мұхамбетов.

Энергетика және ТКШ басқармасының ақпаратынша, бір автоцистернаның құны 26,6 млн теңге тұрады. Бұлар 11 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға беріледі, ал олар облыстың 10 ауданына, оның ішінде 70-тен астам ауылына су тасымақ. Мұнымен қоса, "Құсмұрын ЖЭК" МКК, "Арқалық ЖЭК" МКК және "Қостанай оңтүстік электр сервисі" ҚМК-не басқа да арнайы техникалар сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.

