Балықшылар “ауланды”
Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғат қорғау қызметінің қызметкерлері рейд жүргізу барысында облыс аумағында заңсыз балық аулаудың 12 дерегін анықтады. Бұл туралы Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлайды.Қостанай облысы ПД ЖПҚБ Табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Талғат Ахметовтің айтуынша, рейд шеңберінде жұмыс топтары құрылған. Олар уылдырық шашатын жерлерде, көші-қон жолдарында, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды аралап, су қоймаларына іргелес жатқан жағалаулар мен жолдарда бақылау жүргізген. Бұған табиғатты қорғау полициясының 8 қызметкері мен 5 автокөлік жұмылдырылды.
– Рейд барысында заңсыз балық аулаудың 12 дерегі тіркелді, оның 4-і жұмыс тобының аудандарға шығуы кезінде анықталды. Олар Б.Майлин атындағы ауданда әшкереленді. Екі дерек Әйет су қоймасында, тағы екеуі Октябрь ауылының су айдынында белгілі болды. Істі қарау барысында Рудный қаласы мен Б. Майлин ауданының тұрғындары заңсыз ау құрған. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК 383-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды, – дейді Т. Ахметов.
Полицейлер хабарлағандай, рейдтік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында жалғасады.