Толғауы терең туынды

Күні кеше І.Омаров атындағы облыстық драма театрында "Жалғыздық" атты спектакльдің премьерасы болды. Бұл қойылымның режиссері – Ерсайын Төлеубай. IMG_9601
Жаңа туындының өне-бойында заманның сан түрлі жанды мәселелері көрініс табады. Түйсіне білгенге мазмұны терең, психологиялық иірімге толы. Диалогтары ширақ, шымыр. Дала өркениетін құрдымға айдаған урбанизацияның кесірлі кескіні, қазақы руханияттың әлжуаз тұстары, соқыр сеніммен, жасанды дінмен дімкәстанып біткен сананың қасіреті … – барлығы астарлы астасып жатыр. Сондай-ақ, қойылымдағы тың ой, соны идея – ғылымның "жетістігі" –адамды қолдан ұрықтандыру. Мұның ақыр аяғы ұлтты қайда алып бармақ? Осы сұраққа автор әріден жауап іздейді.IMG_9604
– Бұл – әлі ешкім айтпаған, ешқайсысы терең қаузамаған өзекті тақырып. Мәселен, қараңызшы, бір еркектің ұрығын он әйелге салады екен. Одан жүз, мың… миллион ұрпақ өрбиді. Бір қаннан тарағандар қыз алысып, қыз беріседі дей беріңіз. Айналып келгенде, қазақтың жеті атадан аспай жандаспау, қан тазалығын сақтау үрдісі ада болмай ма? Бұл – осылай жалғаса берсе орындалғалы тұрған нағыз масқара! – дейді режиссер Е.Төлеубай.IMG_9613
Басты кейіпкер – қала тірлігінен баз кешкен, балалары тасбауырға айналып, жалғанда жалғыз қалған шерменде қарт Шернияз. Екінші кейіпкер – қала сыртындағы сапаржай маңында қаңғалақтап жүрген қартқа қапияда кезіккен ескі танысы Күнсана. Екеуінің әңгімелері, сырлары, ой-пікірлері ұштасып-ақ кетіп, көлеңкелі тағдырларына үміттің сызат сәулесі түскендей болады. IMG_9599Ал жағымсыз кейіпкер – теріс пиғылды дінге мойынсұнып кеткен шолақ балақты, салақ сақалды мейірімсіз жігіт. Ол –кезінде Шернияз өз қолымен тәртіп сақшыларына ұстап берген ұлымен түрмеде бірге жазасын өтеген уахабшы. Оқиға желісі бойынша ол төл дәстүрін харамға балап, аруақтардың құлпытасын қиратып, ұстанған жолының хақ екенін айқайлап айтып, қарияны соққының астына алып, өлімші етіп сабап кетеді. IMG_9621Осы үш кейіпкердің арасындағы диалог "әркімнің өз шындығы бар, бірақ шындықты тек шынайылық қана жеңе алады екен ғой" деген ой түйдіреді. Қойылым, шынында да, айтарын ап-айқын жайып бере салмайды, адамды еріксіз ойлануға, жеке тұжырым жасауға мәжбүрлейді. Сол есеппен алғанда, автордың әуел баста сайлаған оғы нысанасын айналып өткен жоқ деп айтуға болады…IMG_9634
IMG_9641Премьераны тамашалауға халық көп жиналды. Бос орын болған жоқ. Қойылым соңында бәрі орындарынан тік тұрып қол соқты.
 
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓