Қылмыс колониясына жетті
2020 жылғы 19 мамырдағы мәлімет бойынша Қостанай облысының Жітіқара қаласында коронавирустық инфекцияны 25 адамның жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.
ПТР диагностикалық зерттеулердің нәтижелері «ҚК–161/3» мекемесі 25 қызметкерінің СOVID-19 сырқатын жұқтырғанын растаған. Сырқаттанып қалғандардың жасы 21-54 аралығында.
«Науқастардың коронавирус жұқтырған адамдармен жақын байланыста болған. Қазір олар Жітіқара қалалық ауруханасына жатқызылды. Бекітілген тәртіпке сай емдеу шаралары жүргізілуде. Жалпы, аймақта қосымша екі зертхана ашылып, індетке тексерілетіндер санын 2 есеге арттыру мүмкіндігі пайда болды. Облыстың жабық мекемелері толық көлемде қамтылды. Олардың бірі осы «ҚК– 161/3» мекемесі. Қазір жағдай толық бақылауда», – деді Қостанай облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетінің департамент басшысы Орал Бекмағамбетов.
Қылмыс колониясында 87 қызметкер жұмыс істейді. Қостанай облысы бойынша ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Оразалиннің айтуынша, карантиндік іс-шаралар барысында қызметкерлер мен сотталғандар арасындағы байланыс барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып азайтылды. Тест нәтижесі теріс болған қызметкерлер үй карантиніне жіберілді.