Сайлау қорытындысы қандай?
25 шілдеде елімізде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Біздің облыста сайлау 168 елді мекенде өткізілді. Тұрғындар 173 сайлау учаскесінде дауыс берді. Астықты өңірде өткен сайлау қорытындысы туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко БАҚ өкілдеріне айтып берді.
«65 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 46 799 сайлаушы енгізілді. Облыс бойынша дауыс беру алаңына келушірдің көрсеткіші 84,4%-ке жетті. Сайлау бюллетеньдеріне 147 кандидат енгізілді. 59 сайлау округінде ауыл әкімдігіне үміткерлерді саяси партиялар ұсынды. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы – 52 кандидат, «Ақжол» партиясы – 3, «Ауыл» және «Адал» партиялары – 2 үміткерді сайлауға үкілеп қосты. 6 сайлау округінде кандидаттар өзін-өзі ұсынған. Сонымен, сайлау науқанына саяси партиялар ұсынған 59 үміткер және өзін-өзі ұсынған 88 кандидат қатысты. Саяси партиялар ұсынған кандидаттар ішінде «Нұр Отаннан» – 52, «Адалдан» -2, «Ауылдан»-2, «Ақжол» – 2 адам сайланды»,-деді Александр Малашко.
Айтуынша, өзін-өзі ұсынған 88 азаматтың 7-і ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері болып сайланған. Әкімдікке сайланғандардың 8-і әйел. 48 әкім нақты бір ауылдық округ әкімдігінің орынтағына қайта отырыпты. 3-уі басқа ауылдық округтерге әкім болды. Жаңа әкімдердің арасында екеуі коммерциялық құрылымдардың өкілі, төртеуі бюджеттік ұйымдардың қызметкері, біреуі уақытша жұмыс істемейді. Сайланған әкімдердің орташа жасы-47 жас. Ал ең жас әкім 28-де. Ауылбасына сайланғандардың егдесі 62-ге толған. Сайлау күні комиссиялар тарапына ешқандай өтініштер мен шағымдар түскен жоқ.
Әлібек ЫБЫРАЙ