Бапкер

Кезінде жыл сайын дүркіреп өтетін екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы республикалық жарыстардың бірінде ол ҚазКСР спорт шеберінің нормасын орындаған. Бірақ, құжаттарының уақытылы тапсырылмауынан спорт шебері атағын ала алмаған.
Үлкен спортпен қош айтысқан соң Әдекең бапкерлік жұмысқа ауысты. Оның қол астында жаттыққан Сайлау Рыздықов, Сағындық Әшім өз салмақтары бойынша қазақ күресінен ел чемпиондары атанды. Сондай-ақ, Руслан Ибраев, Мереке Рыздықовтар республикалық деңгейдегі түрлі бәсекелерде топ жарып, олжа салған жігіттер. Әдекеңнің талант-ты шәкірттерінің бірі Талғат Шегенов ел чемпионы атанып, Қарағанды қаласында өткен Азия чемпионатында қола медальді жеңіп алды. Осыдан-ақ Торғай күрес мектебінің өзіндік орынын бағамдауға болады. Негізі Торғай төсін ежелден палуандар мекені деп атайды ел ішінде. Оның жәй айтыла салмағаны анық. Кешегі Дүзелбай Айсин, Таңатқан Дүйсекеев аталарымыздың өкшесін басып, жолын қуған боз кілем шеберлері әлі де айылын жия қой-ған жоқ. Олардың арасында Қазақ күресі мен дзюдодан республика чемпионы Рүстем Шалабаев, қазақ күресінен Орта Азия чемпионы Сәлім Бекетов, Азия чемпионы Рамиль Шарыгин, әлем чемпионы Ерлан Естек есімді азаматтар бүгінде Торғайдың ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналған тұлғалар екенін жұрттың бәрі біледі.
Жалпы, Жанкелдин ауданында ұлттық спортты, оның ішінде күрес өнерін дамытуға аудандық спорт мектебінің директоры Еренбол Алматов, жаттықтырушылар Нағашыбай Нұғыманов, Ерлан Әлиев, Әлібек Бірмағамбетовтер айрықша үлес қосып жүргенін көңілімізге медеу тұтамыз.
Рәшит Мұхамбетжанов,
жаттықтырушы.
Суретте: Әділбек Молдағалиев шәкірті, Азия чемпионатының қола жүлдегері Талғат Шегеновпен бірге және мақала авторы Рәшит Мұхамбетжанов.