Біліктілік пен бірліктің арқасында

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты төтенше жағдай режимі мен жалпыұлттық карантин енгізілгеннен кейін көп дүние өзгерді. Ең алдымен оқу орындары қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Бұл жүйе барлық білім беру жүйесі үшін сынақ болды деп айта аламыз. «Қашықтан оқыту форматына көшуге барлық университеттің қауқары толығымен жеткілікті. Жалпы біздің еліміздегі университеттер үлкен қалаларда орналасқан, сондықтан барлық жерде техникалық және интернет жылдамдығы жағынан мүмкіндік бар», – деген еді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ал іс жүзінде оқытушылар мен студенттер бұл өзгеріске қалай бейімделді, онлайн білім берудің артықшылығы мен кемшілігі жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Қосатанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Дощанова әңгімелей кеткен еді.
WhatsApp Image 2020-05-04 at 10.52.32
– Алма Іргебайқызы, қашықтан оқытудың жаңашылдықтары мен қиындықтары жайлы айта кетсеңіз? Бұл кезеңнің сіздер үшін ауыртпалығы қаншалықты болды?
Оқу ордамызда қашықтықтан оқыту технологияларын 10 жылдан бері қолданып келе жатсақ та, бұл салада тәжірибеміздің мол екеніне қарамастан, қашықтан жаппай оқытуды енгізу үшін көп жұмыс атқарылып, қомақты қаржы құйылды деуге болады.  Moodle қашықтықтан оқыту жүйесімен қатар оқу процесіне Etutorium және Zoom платформалары, сондай-ақ электрондық пошта және барлық мессенджерлер іске қосылды. Ең бастысы мақсатымыз қалай да студенттермен байланыс орнату керек болды. Аз уақыттың ішінде 52 оқытушыны қашықтықтан оқыту технологияларына үйреттік. Әдетте мұндай маңызды жұмыстарға бір жылға жуық уақыт кететін. Бұл онлайн оқу үрдісі ЖОО-ның 300-ге жуық оқытушыларын қатыстыруға мүмкіндік берді. Меніңше бұл үлкен жетістік.
Мұндай қадамға біз аяқ астынан барған соң тездетіп бейімделу керек болды. Соған қарамастан қысқа мерзім ішінде оқытушылар да барлық оқу үрдісін өзгертіп, жаңа жағдайға сай келетіндей толықтай бейімдеуге тура келді. Бұл орайда қандай мәселені айта аламыз, ол әрине алдымен оқу материалын берудің жаңа технологиялары, көрнекі материалдарды, презентацияларды, видеофрагменттерді пайдалана отырып, нақты уақыт режимінде сабақтарды дайындау және өткізу, интернет-ресурстарда бақылау тапсырмаларын және өзге де оқуға қажетті құжаттарды әзірлеу және орналастыру. Мұның бәрі де оңай дүние емес. Бұл үшін қаншама уақыт пен еңбекті талап етті. Оқу орнының басшылығы мен оқытушылары бір кісідей жұмылып, бұл сынақты да артқа тастап, біріге білдік.
Қосымша серверлік жабдық сатып алынып, инсталляцияланды, қосымша қаражатқа вебинарлардың тарифтік жоспары 2 есеге ұлғайтылды. Осының арқасында қашықтықтан оқытудың жүктелген жүйесін қалыпқа келтіруге мүмкіндік алдық.
– Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
– Қазір онлайн-оқытудың әртүрлі формаларымен университеттің барлық білім алушылары жұмыс істеуде. Ал бұл дегеніміз 4,5 мыңға жуық адам. Өткен айда оқытушылар 3300-ден астам вебинар, 2300-ден астам оқу контенті мен бағалау материалдары бар веб-курстарды әзірлеп, қашықтықтан оқыту жүйесіне орналастырды. Біз білім алушыларға толыққанды білім беріп, қызмет көрсету үшін жағдайға қарай икемделіп, қолдан келгеннің барлығын жасаймыз.
Карантиннің енгізілуіне байланысты университет әкімшілігінің жұмысы да қашықтық режимге ауыстырылды. Соған қарамастан байланыс орнатып, ақпарат алмасудың барлық жолы қарастырылған. Университеттің алқалы басқару органдарының барлық отырыстары (ғылыми кеңес, ректорат, оқу-әдістемелік кеңес, институттардың кеңестері және т.б.), жұмыс кеңестері онлайн-форматта өткізілуде. Онлайн-форматта ғылым апталығы өтті. Өткізілген онлайн-олимпиадаларға 500-ден астам оқушы қатысты. 10 жыл ішінде алғаш рет онлайн форматта "Байтұрсынов оқулары" атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оның жұмысына 8 мемлекеттен 100-ден астам қатысушы қосылды. Мұның бәрі де біздің қандай жағдайға болмасын дайын екенімізді білдіреді.
– Студенттер мен оқытушылардың бейімделуі қалай?
– Көптеген оқытушылар үшін қашықтан оқыту платформаларында жұмыс істеу жаңашылдық болды деуге болады. Сондықтан да тәжірибе аз, әрі көпшілігіміз мұндайға дайын болмадық. Сондықтан біз "Сандық офицерлер мен еріктілер"жобасын іске қостық. Осы жобаның арқасында білмегенімізді үйрендік деуге де болады. Жоба бойынша "тең-теңімен" принципін ұстана отырып, оқытушылар мен студенттер бірін-бірі қашықтықтан оқыту платформаларында жұмыс істеуге үйретті. Біз сандық офицерлерді 3 топқа бөлдік бұл алдымен жаттықтырушылар, оқу контентін тексерушілер және онлайн-ұйымдастырушылар. Осының арқасында вебинаристердің саны 157-ден 209 адамға дейін артты, ал ҚОТ-қа көшкен сәттен бастап 3114 вебинар тіркеліп, ашылды.
Біз осындай жұмыстарды студенттер арасында да жүргіздік. Түрлі жағдайларға байланысты жатақханада қалған студенттерге жағдай жасалды. Байланыссыз тәртіп орнатылған, жатақханалар интернетке шектеусіз қол жетімділігі бар компьютерлермен қосымша жабдықталды. Сонымен қатар, студенттердің сұрақтарына уақытылы жауап беру мақсатында апта сайын онлайн-қосылымдар жүргізіп тұрамыз. Осы уақыт ішінде бес рет кездесу өткізіп, оқу және тәрбие мәселесіне қатысты 600-ден астам сұраққа жауап берген екенбіз.  Сондай-ақ, кері байланысты қамтамасыз ету үшін 8(7142)93-10-10 қашықтықтан оқыту мәселелері бойынша әдістемелік және техникалық қолдаудың Call-орталығы құрылды. ҚМУ-де Психология және инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді. Онда онлайн режимінде жекелей психологиялық кеңес беріліп тұрады.
– Алда сессия, диплом қорғау, диплом алу деген сияқты өте маңызды шаралар күтіп тұр. Бұл шаралар қандай режимде, қалай өтеді?
– Мамыр айында 977 емтихан қабылдау керек. Университеттің Ғылыми кеңесінің отырысында ҚР БҒМ нормативтік-құқықтық актілері мен әдістемелік ұсынымдары негізінде аттестаттау бойынша қол жеткізілген нәтижелер негізінде жиынтық бағалау туралы шешім қабылданды. Яғни, қорытынды бағалар екінші семестрдің 15 апталық оқу нәтижесінен шығарылады.
Сонымен қатар, сессияны дәстүрлі түрде тапсыруға ниет білдірген студенттер де бар. Олар өз өтініштерін жазбаша түрде жіберулеріне болады. Олар үшін сессия 4 мамырда басталып кетті. Осы мақсатта біздің министрлік covid-19 короновирустық инфекция пандемиясы кезеңінде жоғары оқу орындарында аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Ұсынымдарда қазіргі жағдайда емтихан өткізудің негізгі ережелері көрсетілген және біз оларды сөзсіз ұстанамыз. Сонымен қатар, осы ұсыныстарға сәйкес, жоғары оқу орындары емтихан өткізу түрлерін дербес анықтайды.
Университет кеңесінің отырысында бекітілген "ТЖ кезеңінде қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша емтихандардың түрлері мен өткізілуі" және "ТЖ кезеңінде ішкі семестр жұмысының нәтижелері бойынша емтихандар бойынша бағалар қою" нұсқаулықтарын әзірледік. Осыған сай университет үш түрлі формада емтихан өткізетін болды. 1) компьютерлік тест – Moodle оқу курсында автоматтандырылған компьютерлік тестілеу (591 пән)); 2) ауызша емтихан онлайн Zoom және скайп арқылы видеоконференция режимінде трансляция жазбасын сақтай отырып (350 пән)); 3) Moodle шығармашылық жобалық тапсырма (36 пән). Мұндай емтиханға тапсырма өз бетінше орындаған кезде бірдей нәтижелерді алу мүмкіндігін жоққа шығарған жағдайда ғана жол беріледі. Сондықтан барлық студенттерге сәттілік тілегім келеді. Мұндай кезеңде де біріге білдік. Мұның бәрі ұжымның біліктілігі мен бірлігінің арқасы деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет, сәттілік тілейміз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓