“Домбыра” мүсін орнатылды
Әулиекөл ауданының орталық алаңында үлкен домбыра мүсін пайда болды. Оны село әкімдігінің тапсырысы бойынша жеке кәсіпкер, дәнекерлеу цехының иесі Сәбит Жайсанов жасапты. Домбыра толық металдан жасалған, беті қара ағаштың түсі тәрізді етіп боялған, ал пернелері жіңішке темір сымнан жасалған.
-Еліміз бойынша шілде айының бірінші жексенбісі – ұлттық домбыра күні ғой. Міне, сол мерекеге орай және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында аудан тұрғындарына сый жасап жатырмыз. Қазақтың қара домбырасын жасау кездегі барлық талаптарды мұқият орындаған авторға да зор алғыс айтамыз. Алда Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған металл кітап дайындау жоспарда бар. Қазір біз бұл композицияның эскизін ойластырып жатырмыз, – дейді село әкімі Д.Тілемісов.