Елу сарбаз сапқа тұрды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 сәуір күні әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, Қостанайда коронавирусқа қарсы іс-шараларға жұмылдыру үшін денсаулығы жарамды деген 35 жасқа дейінгі азаматтар бір айлық мерзімге әскерге шақырылды.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.54.10
Медициналық комиссияның алдынан 65 үміткер өткен еді. Ішінен іріктелген елуі облыс орталығын дезинфекциялау жұмысына кіріседі.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.52.25
Іріктеуден өткен әскерге шақырылушылардың салтанатты шеруі Қостанай құрылыс колледжі маңында ұйымдастырылды. Олар бір ай бойы сол оқу орны базасын паналайды. Сап түзеген сарбаздарға облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк сәттілік тіледі.
– Бүгіннен бастап Қостанайды дезинфекциялауға кірісесіздер. Сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жүктелген міндеттерді абыроймен орындап шығады деп сенемін. Осындай күрделі уақытта маңызды шешім қабылдаған сіздерге зор алғысымды білдіремін, – деді жиында сөз алған С.Карплюк.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.52.47
Дезинфекцияны тиімді және қауіпсіз жүргізу үшін қала әкімдігі сарбаздарды техникалық құралдармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етті. Олар шағын аудандарда үш бөлікке бөлініп жұмыс істейді.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.53.35
– Әлеуметтік желілерде кейбір аулаларда вирусқа қарсы шаралар жүргізілмегені жөнінде жазып жатқандар бар. Бұл ретте, Пәтер иелерінің кооперативтері тұрғын үй инспекциясына өтініш бере алатынын еске саламыз. Дезинфекция соған сәйкес жасалып келді. Ал қазіргідей балаларға ойын алаңдарына шығуға рұқсат берілген жағдайда бұл мәселе ерекше назарға алынады, – деп атап өтті Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қаркенов.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.51.56
Арнайы жиынға шақырылғандар қызметтік борышын 27 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтейді. Өңірдегі ахуалға қарай қажеттілік туындап жатса, мерзім ұзартылуы мүмкін.
– Бұған дейін олар даярлықтан өтті, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сапта тұрғандардың бәрі бұрын әскерде болған, 25-тен 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл жігіттерге орташа айлық көрсеткіш көлемінде еңбекақы төленеді. Қостанай облысында оның межесі 169 мың шамасында, – деді 99/260 әскери бөлімінің командирі, подполковник Нұржан Дәуітов.
WhatsApp Image 2020-04-28 at 16.54.20
Сапқа тұрғандардың бірі – бірінші взвод командирі, лейтенант Кейкі Кәкім. Ол бұл жұмысқа өзі қаланып келгенін айтады.
– Осындай қиын кезде алдыңғы шепте еңбек ету нағыз отансүйгіштік деп білемін. Бір күннің ішінде бізге бәрін үйретті. Колледж жатақханасында жатамыз. Жұмысымыз таңғы сағат 9-да басталады. Үш мезгіл тамақтандырады. Барлық жағдай жасалған, – дейді ол.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓