«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ПОЙЫЗЫ РУДНЫЙҒА АТ БАСЫН ТІРЕДІ
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұлықтауға арналған «Менің Қазақстаным» пойызы Рудныйға ат басын тіреді.Кеншілер қаласының тұрғындары құрамында ҚХА делегаттары, халық қалаулылары, Үкімет мүшелері мен медицина саласының қызткерлері бар үгіт пойызының мүшелерін құшақ жая қарсы алды. Бұл күні ән әуелеп, шашу шашылып, Рудный вокзалы бір мезгілде думан алаңына айналды. Шағын митингтен кейін мәртебелі қонақтар әлеуметтік, заң және бизнес сұрақтары бойынша қоғамдық қабылдауды жүргізсе, медицина саласының үздік мамандары қалалық емхана мен ауруханада тұрғындарға тегін кеңес беруге кірісіп кетті. Акция барысында «ҚХА – 20 қайырымды іс» эстафетасы аясында пойыз басшысы Ғазиз Телебаев «Мерей» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 150 мың теңгенің сертификатын табыстаса, Рудный қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Досболов І-топ мүгедегі Юлия Калининаға биге арналған арбаны сыйға тартты.Түс ауа Рудный индустриялық институты базасында дәріс-таныстырылымдар ұйымдастырылып, қаланың орталық алаңында Қазақстанның халық әртістері Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, өнер шеберлері Толқын Забирова, Жеңіс Сейдолла, Алтынай Жорабаева, Дильназ Ахмадиева бастаған бір топ өнер жұлдыздары мен «Гүлдер» ансамблінің қатысуымен тұрғындар назарына концерттік бағдарлама ұсынылмақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы