Тегін антисептик таратты
«Ауыл» партиясы Қостанай облыстық филиалының өкілдері инфекциямен күреске биотехнологиялық ғылыми жетістіктерімен үлес қосуда.
М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты Валентин Хаданович өз кәсіпорны «Азимут» ЖШС базасында антисептиктер өндірісін қолға алды.
Дезинфекциялау құралын апробациялау ҚиНЭУ базасында өтті. Қалалық мәслихаттың депутаты, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Сәбит Есмұратов Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) өкілдерін арнайы шақырып, 120 литр «Анолит» дезинфекциялау құралын тегін таратты.
Сәбит Борисұлының айтуынша, «Анолит» – коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау және басқа нысандарда профилактикалық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін бірегей антисептик.
Карантин жағдайында ПИК үшін бұл дер кезінде берілген көмек. Себебі, олар тұрғындарға жарық, жылу және газды үздіксіз берумен қатар, тұрғын үйлерді дизенфекциялау жұмыстарының алдыңғы қатарында жүр.