5 тәулікке қамалды
Бір тәуліктің ішінде Рудныйдың полиция қызметкерлері карантин режимін бұзған 11 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Осыған дейін тәртіп сақшылары тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бейберекет сыртқа шықпау қажеттігін түсіндірген болатын. Енді ескерту болмайды.
Тәртіпке мойынсұнбай жүргендердің бірі ҚР Әкімшілік Кодексінің 476 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Ол себептен себепсіз көшеге шыққаны үшін Рудный қалалық әкімшілік сотының шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды.
Ал бетперде тақпай жүрген бірнеше азаматқа 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұндай салғырттық эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал ететінін ұмытпағанымыз дұрыс. Артынан сан соғып қалмас үшін төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сай әрекет етіп, мүмкіндігінше медицина мамандарының айтқан талаптарын қатаң ұстанған дұрыс. Есте сақтаңыз, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ