Көз жазып қалмаңыз
Жұрт секілді біз де қамға кірістік. Біздің қамымыз – ұлттың ең бір жанды, нәзік жері.. ашық айта бастасақ, е сол баяғы ма деп бізді кінәлайтындай, біз кінәлідей сезініп, бір дегбіріміз қашып, мазасыз күйге түсеміз. Себебі, намыстың түсі қашады. Бірақ сол намысымыз сабай-сабай әбден көнге айналып, ендігі қанша жерден дойыр қамшымен дүре соқсаңыз да мыңқ етпейтін сияқты. Әйтсе де, біз ұлы мәртебелі халықтың құлақкесті құлы болғандықтан, бүгінгі ағайынға айтарымыз бар. Бірақ ол еш өкпе де, өксік те емес. Ол , құдірет – сөз!
Ұлан-ғайыр даламыздың ақ таңы ұлттың рухы кемерлеп тұрған қазақ сөзімен атса, ол сөз өңірдегі әр алаштың қолында – "Қостанай таңында" маржандай тізіліп, жарқырап жатса.. біздерде арман бар ма екен?!
Апырай, осыны ойлағанда, енді біздің бәріміз, облыс жұрты қара қазан, сар баланың қамымен күзгі жиын-те-рінде Құдай сәтін салып дихандарымыз бір түйір дән қалдырмай қамбасына құйып алсын! Малшы малының азығын жиып алсын деңіз. Мал-жаның аман болса, қазақтың төрт құбыласы түгел! Тоқ болмасаң – жоқ боласың! Бірақ ол тоқтықтан басқа бір тоқтық бар. Ол – көңіл, жан тоқтығы! Әсіресе алаш баласына. Біз бар ғой осы кейде отпен ойнап жүргендейміз! Қарын тоқтығынан елемей, ескермей жүргеніміз қаншама. Сондықтан ба, жүдеп барамыз. Жанымыз әбден ашыққан. Ол аштық – қазақ сөзінің тапшылығынан! Сол тапшылықтан не болады дейсіз бе? Айтайық: қазақша оқып, сөйлемеген қазақтың мінез-құлқы өзгереді; қазақша оқып, сөйлемеген қазақтың мысы болмайды; қазақша оқып, сөйлемеген қазақтың ұлттық намысы әлжауз келеді; қазақша оқып, сөйлемеген қазақтың шешендік шеберлігі кем, көркем ойы тоқырайды. Ұлттық қасиеттердің барлығыда тіл арқылы дариды. Нағыз қазақ болу үшін, әрбір қазақ ана тілінде оқитын, сөйлейтін және сөйлесетін болуы хақ.
Тоныкөк бабамыз: "Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі мәңгі елім үшін!" –деген. Мәңгілік елдің мәңгілік тілі, мәңгілік сөзі бар. Қазақ ұлы мақсаттарға жету үшін серт берсе, ол қазақтың тілінде айтқанда айбарлы да айбынды естілген.
Бүгінде ордалы отанымызда алаш баласы – мемлекет құ-раушы. Сондықтан да оның иығындағы жүк ауыр: алдымен елдің бірлігі, береке тірлігі, ұлттың тілі мен діні, ділі үшін түн ұйқысын төрт бөлуге міндетті. Бұл қасиетті парыз. Ал енді біздің жағдайымызға келгенде, ақпарат майданында, ақпарат алаңында мемлекет құраушы алаш сөзі басым болуы керек. Сөзі басым болды дегеніңіз, мысы басым болды деген сөз. Ол сөз айтылған сөз бе, жазылған сөз бе деп тағы таразы басына ұмтыламыз ғой. Техногендік дәуір дес бермей тұр. Әсіресе, төрткіл дүниені электроникамен "жаулап", әлемді компьютерлік технологиямен телмірткен жатаған жапондарыңызға ендігі жерде газеттің не керегі бар деуші едік. Күні кеше ғана "Scientific American" жорналы жер шары елдері бойынша норвегтерден кейін ең көп газет оқитын ұлт –жапондар деп жазыпты! Жапонияда әр мың адамға 548 газеттен келеді. Бір ғажабы, оларда теледидар мен радиоға қарағанда баспасөздің беделі басым екен. Сауалнама деректеріне қарағанда 100% жауаптың 79% газетті ең сенімді БАҚ көзі деп таныған, 83% газет материалдарын дәл әрі сенімді десе, 50 % білім деңгейін көтеру үшін газет оқитындығын айтқан. Тағы 50% газет бизнеске пайдалы десе, 48% газет теледидар сияқты олардың пікірі мен көзқарасын қалып-тастырады деген ойда. Жер шарының арғы бетіндегі Америкада, кәрі кеудесі күдірейген Еуропадағы Франция, Англия, Германия елдерінде де электроника – ғаламтор кемерлеп тұрса да жеме-жемге келгенде, байсалды газеттерге арқа сүйейтіндігі белгілі болып отыр. Ендеше, біз де сабырға жүгініп, сарабдал санаға ерік берсек.
Байқай, барлай қарасақ, бізде саясат пен экономикаға ұлттық рух беру нышаны анық байқала бастады. Қазақ сөзінде ұлттың атомдай рухы бар. Н.Назарбаев: "Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол ұлтымыздың анасы. Біз жиырма бірінші ғасырдың қазақтардың шындап бағы жанатын ғасыры болуы жолында, қай жағынан да көсегесі көгерген халықтар қатарына қосылуы жолында бәріне де тәуекел ете алуға тиіспіз".
Осы ретте "Қостанай таңы" да жолынан жығылмайды. Қазақ сөзінің құдіретті рухымен баршаңызға қызмет етеді. Тек бізден көз жазып қалмаңыз!
Жанұзақ Аязбеков