Көрші ақысы

..Берен құдасына қонаққа барып, қазаның үстінен шықты. Құдасының бір жамағаты,  ауылдың  ардақты  ақсақалы дүние салған екен. Екі күн бойы құдасының қасында жүріп Берен қырықтар шамасындағы бір жігіт ағасының, сірә, марқұмның белбаласы шығар, қарекетіне іштей  таңырқады.  Екі күн бойы аяғынан тік тұрып қызмет етті. Алыстан келген құда-жекжаттарды ауылдағы үйді-үйге жайғастырып, қазан-ошақ, отын-суын қамдап берді. Зират қазушылардың басын құрап, өзі ертіп апарып, қабірдің орнын қазудың жөн-жобасын көрсетті. Қонақ асына сойылатын жылқыны үйірден өзі барып, таңдап алып, ұстап әкеліп сойысты. Екінші күні жеті үйде қонақ асын бергенде де  шашау шығармай бар тірлікті ың-шыңсыз тындырып жүрді. Не керек, қазалы үйдің отымен кіріп, күлімен шықты.  Бар тірлікті қайыспай, қабақ шытпай атқарды.кроши
(сурет интернеттен алынды)
– Әке қадірін білген нағыз азамат екен! – деді Берен құдасына қаралы жиыннан соң үйге келе жатып.
– Кімді айтасыз?  –  деді құдасы таңырқай қарап.
– Анау  жұрт Алдиярлап  аузынан тастамай жүрген баласын айтамын.
–  Е, құда, ол марқұм атамыздың баласы да, туысы да емес, құдайы көршісі. Алдияр –  текті азамат.
– Сонда марқұмнан бала жоқ па?
–  Неге болмасын, бар, құда.  Кіндігінен – екі қыз, бір ұл. Ұлы Қостанайда тұрады. Мана жаназаның алдында ғана келді. Имам оған  хабарландыру айт деп еді, міңгір-міңгір етті ғой, несін айтасың, бар болсын, – деді құдасы…
Биыл ит жылы. Қазақта: "Итті бөтенге берме, көршіге бер, екі үйді де қорғайды", – дейді. "Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен".
Бір кісі үйін сататын болыпты. Онымен саудаласқан бір адам:
– Үйіңіздің бағасын тым қымбаттатып жібердіңіз. Мұндай бағаға бұдан екі есе үлкен зәулім үй сатып алуға әбден болады, –  дейді.  Сонда үй иесі:
– Менің көршім нағыз адам. Мен сондықтан да қымбат сұрап тұрмын, – депті.
Көрші ақысы –  Құдай хақысы.  Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.): "Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?" – деп сұрағанда, Алла Елшісі: "Есігі ең жақын орналасқанына", – деп жауап беріпті. Ал Пайғамбарымыз  (с.а.с.) бір хадисінде: "Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын", – деген. Яғни, егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өзінің үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен.
..Қазір қаладағы ағайыннан: "Көршің кім?" – десең, көбісі күмілжиді. Күмілжитіні – қатынаспайды,   қатынаспағасын танымайды. Танымағасын тіпті амандасудан да қалады. Ал ауылда ше, бәрі бір-бірін біледі. Бірақ, бір нәрсе жетпей тұратындай. Ол – шынайы пейіл. Жанашырлық, мейірімділік кемшін, суықтау, салқындаумыз.
Халқымыздың ежелгі қастерлі қасиеті –  көршіге деген ықылас. Құдайы көрші – біле білгенге зор байлық. Сол байлықтың қадірін кетіріп алдық-ау…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓