Түнде атылған он жеті

Кеңес өкіметінің респрессивтік саясатының ызғары Орта Азия халықтарының ішінде, әсіресе, қазақтарға қатты тиді. Салдарынан Қазақстанда болған ашаршылық жылдары: 1921-1922 ж. – 1,7 млн; 1931-1933 ж. – 2,3 млн адам қырылды. 1928-1929 жылдары байлардың малдарын тәркілеп, өздерін жер аудару, мешіттерді жабу, дін өкілдерін жазалау барысында 60 мыңнан астам адам, 1937-1938 жылдары нәубет кезеңінде 800 мыңға жуық адам саясат құрбанына айналды. Осы адамдар өздерінің қарым-қабілетінің арқасында дәулет жинап, ауыл халқының шаруашылығын ұйымдастырып, дұрыс бағыт-бағдар бере білген, медреселер мен Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алған көзі ашық ақыл-парасат иелері болатын. Төмендегі баян осындай әлеуметтік саясаттың құрбаны болған жерлестеріміз туралы.
1930 жылдың 31 шілдесінен 1 тамызына қараған түні Қостанай түрмесінде Торғай ауданы №12 ауылының 17 азаматы атылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ақпараттандыру және байланыс департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар айғақтайды.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанаева Бақытжамалдың сұрауы бойынша әкесі Әжімұлы Жұмақанның туған ағасы 1930 жылы халық жауы ретінде атылып кеткен Найманбаев Арғынғазы Әжімұлы жайында ҚР ІІМ ақпараттандыру және байланыс департаментінен келген құжаттардың көшірмелері төмендегідей:
1. Қостанай округы Торғай ауданы №12 ауыл мешітінің имамы Арғынғазы Әжіұлы Найманбаевтан (құжаттарда «Майманбаев» деп толтырылған) жауап алу хаттамалары (орысша);
2. Араб әріптерімен қолдан жазылған өзінің түсініктемелері;
3. А.Найманбаевтың үстінен ауылдасының араб әріптерімен жазған арызы (орысша аудармасымен);
4. 1930 жылғы 8 маусымдағы тергеушінің айыптау қорытындысы;
5. Үкімнің орындалғаны туралы акт;
6. 1989 жылғы 18 қазандағы Қостанай облысы прокурорының А.Найманбаевты ақтау жөніндегі қорытындысы.
Келген қатынаста А.Ә.Найманбаевтың Қылмыстық ісінде фотосуреттер, жеке құжаттар, жерленген орны туралы мәліметтер жоқ екені айтылады.  Бақытжамал апа, қызы Нүриямен
(Бақытжамал апа қызы Нүриямен)
 
Енді осыдан 91 жыл бұрын өткен оқиғалар желісіне келейік.
Басты кейіпкеріміз Арғынғазы Найманбаев Торғай ауданының №12 ауылында қазіргі Амангелді ауданымен шекаралас «Наурызбай» қыстағында, Торы қыпшақтың Лақ атасының өкілі Найманбайұлы Әжімнің отбасында 1889 жылы дүниеге келген тұңғышы екен.
– Арғынғазы әкемізден кейін бұл шаңырақта Үмбүгілше, Қажығали, Жұмақан атты бір қыз, екі ұл туған. Үмбүгілше апамыз 1909 жылы батпаққаралық Жұмабай жездемізге тұрмысқа шыққан екен. Атам Әжімнің үлкен ағалары Жүсіп, Қауымбай дінге берік ауқатты кісілер болған. Қауымбай кәмпескеге ілігіп, ұсталып кеткен. Қауымбайдың үлкен ұлы Оспаннан туатын немерелері Балаш атылып кетті, Шәкір мен Ғапбас бай тұқымы ретінде Жітіқарадағы алтын өндіретін кенішке жер аударылып, 1960 жылы елге келген. Ұрпақтары бар, – дейді бүгінде жасы жетпістен асқан Бақытжамал апай.
Бейбіт өмірдің астан-кестеңін шығарған зобалаң оқиғалардан кейін Найманбай балалары 1929 жылы жаңадан құрылған Батпаққара ауданының Құмкешу ауылына қоныс аударады. Арғынғазы жастайынан ислами тәрбие алған, сол кезеңде имамдық қызмет атқарып жүргендіктен, мешітті тастап кете алмай, отбасымен Жыланшықта қалады. 1928 жылдың күзінде ірі байларды тәркілеп, жер аударғаннан кейін 1929 жылдың екінші жартысында кедейлер мен орташаларды ұжымдық шаруашылықтарды біріктіру жұмыстары күштеп жүзеге асырыла бастайды. Сөйтіп, 1929 жылғы 25 қарашада Алматыда өткен жалпықалалық партия жиналысында «Колхозға қосылған кулак бірден «колхоз адамы» болып кететінін ойлаудың өзі күлкілі» деген Голощекиннің нұсқауын басшылыққа алған шолақ белсенділер бұл іске құлшына кірісіп, кедейлерді азын-аулақ малы барларға да қарсы қойды.
Оған 1928 жылы Сібір аймағына жасаған сапарында И.Сталиннің: «…Елімізде өткен жылғымен салыстырғанда 128 млн пұт астық кем өндірілді. Алдағы жылы соның орнын артығымен толтыру үшін барлық мүмкіндікті жұмылдыру қажет», – деген сөзі әр деңгейдегі партия және кеңес басшылары үшін тағы бір қамшы болды.
Ауқатты әулеттің өкілі, мешіт имамы Арғынғазының ауылда алшаң басып, аман жүруі белсенділердің көзіне шыққан сүйелдей маза бермейді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары мешіттер мен дін қызметшілері салықтан босатылады деген В.Ленин қол қойған РСФСР Үкіметінің Нұсқауына қарамастан басқа ауыл тұрғындарымен қатар Арғынғазының отбасына да тұқымдық 2 пұт бидай, 1 пұт тары салық салынады. Арғынғазы ауылдық кеңес төрағасы Ақан Байтасов пен колхоздастыру жөніндегі аудан өкіліне Торғай мешітінің мұқтасифі Әлмағанбет Оспанұлы берген мешіттер мен дін қызметшілерінің салықтың барлық түрінен босатылатыны туралы циркуляр басылған қызыл кітапшаны көрсетіп, салықтың заңсыз екенін айтады. Олардан қайыр болмасын білген соң, колхоз қоймасына 1 пұт тары, 1 пұт және 11 келі бидай (5 келісі кем) тапсырады.
Салықты толық тапсырмады, өкіметке қарсы шықты деген желеумен А.Найманбаевты 1930 жылдың 13 наурызында тұтқындап, Торғайға алып кетеді. Ауданнан келген өкіл, өзі айтып отырып, сол ауылдың бір тұрғынына «Найманбаев мешітте намазға жиналған жамағатқа Совет өкіметін жамандады» деген арыз жаздырып алады. Айтумен жазғанын «Мен ауылдық кеңес төрағасының үйіне барғанымда мына адамдар сонда отыр екен деп санамалай келе, олардың ішіде өкіл болған жоқ. Ауылдық кеңес төрағасы А.Байтасов молданың сөздерін ықыласпен тыңдап отыр екен»,деген жолдардан аңғаруға болады.
Екінші бір ауылдасына: «…молда түс көрдім деді. Түсімде ай ұясына батып кетіп, біршама уақыттан кейін қайта көтерілді. Бұл топан судың, ақырзаманның белгісі. Колхозға мүше болып кірмеңдер. Совет өкіметі көп ұзамай құлайды. Содан кейін жайлы заман туады. Айдың қайта көтерілуі соның белгісі»,деп айтты деп жаздырады.
Енді кезекті мұрағат құжаттарына берейік (құжаттар түпнұсқада орысша толтырылған, қазақшаға аударған автор):
 
1 қосымша
Айыпталушыдан жауап алу
ХАТТАМАСЫ
Жауап алған Салават Хусаинов
14 наурыз 1930 жыл Торғай поселкасы
Мен жауапталушы ҚПК-ң (қылмыстық-процессуалдық кодекс) 134-139 баптарына сәйкес жауапталдым. ҚК (қылмыстық кодекс) 95-бабына сәйкес жалған және анық емес берілген жауап үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыным туралы ескертілдім.
1. ТАӘ. Майманбаев Арғынғазы Ажімұлы.
2. Туған жылы, жері: 41 жаста. Торғай ауданы, №12 ауыл, Наурызбай қыстағы.
3. Ұлты, кімнің боданы: қазақ, мұсылман.
4. Тұрған жері: Торғай ауданы, №12 ауыл, Жыланшық қыстағы.
5. Кәсібі: бас мешіттің молдасы, 1920 жылдан.
6. Отбасылық жағдайы: әйелі, бес баласы бар. Барлығы 7 жан.
7. Мүліктік жағдайы: 1 жер үй, 1 арба, 2 сиыр, 1 ат, 2 қашар, 10 қой, 10 ешкісі бар. 1929 жылы 3 сиыр, 2 жылқысы болған.
8. Партиясы: партияда жоқ.
9. Саяси көзқарасы: совет өкіметін жақтайды.
10. Білімі: қазақша сауатты.
11. Тұтқындалғанға дейінгі қызметі:
а) 1914 жылғы соғысқа дейін: 10-нан 16 жасқа дейін қазақша оқыған. Одан кейін де оқыған. Арасында мешітте молда болған, бала оқытып, мал бағумен айналысқан.
б) 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін: мал баққан, бала оқытқан
в) 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін: алты ай ауру болуына байланысты ештеңемен айналыспаған.
г) 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін: 1917 жылдың қазан айынан 1920 жылға дейін ауыл мешітінде молда болған, мал баққан. (Хаттаманың соңғы жағы жоқ).
 
2 қосымша
«Бекітемін»
БМСБ уақытша бастығы Никтин
Айыптау қорытындысы
Қостанай қаласы, 8 маусым, 1930 жыл.
Мен, БМСБ Қостанай бөлімшесінің қызметкері Ситдиков, істі қарап мыналарды анықтадым:
Қостанай округінің Торғай ауданы № 12 ауылының байлары, ақсақалдары, молдалары, атқамінерлері Майманбаев Аргунгазы (әрмен қарай басқа адамдардың аты-жөндері үстінен басылған, көрінбейді) ауылдың кеңес, селолық тұтынушылар кооперация төрағалығына өз адамдарын өткізген. Олардың арасында ауыл молдасы мен азаншысының болуы байлардың ықпалын күшейткен.
Бұл топтың негізгі мақсаты: партия мен совет өкіметінің барлық іс-шараларына қарсы әрекет жасау. Мақсаттарына қол жеткізу үшін ауыл тұрғындарының діни мешеулігін пайдаланып, мешітті антисоветтік үгіт орталығына айналдырған. Мысалы, мешітте көп адам қатысқан жиында «Колхозға кірмеңдер. Бұрын ашықтан ашық кәмпескелеген, енді колхозшы етіп, кедейлер мен орташаларды жасырын тәркілейді. Алдымен малдарыңды алады, сосын қатындарың мен балаларыңды кәмпескелейді» деп кері үгіт жүргізген.
Қараңғы қазақтардың діни сенімін пайдаланып, «түс көрдім, түсімде ай көкжиекке толық батып кетіп, кішкенеден кейін қайтадан көтерілді. Бұл ақырзаманның белгісі. Таза жүріңдер, күнә жасамаңдар. Құдайға сиынып, Алладан кешірім сұраңдар», деген.
Жергілікті өкімет билігін өз мақсаттарында пайдаланған. Ауылсоветтің үйінде байлардың, ақсақалдардың, атқамінерлердің жасырын жиналыстарын ұйымдастырып, Ырғыз көтерілісі, колхоз құрылысы туралы мәселелерді талқылаған.
«Колхозға мүше болып бәріміз кіруіміз керек. Егер арамыздағы біреулерді қабылдамаса барлығымыз мүше болудан бас тартуымыз керек. Кеңес өкіметі ұзақ өмір сүрмейді. Болмаған жағдайда Қарақұмдағы сарбаздармен байланыс жасап, соларға қосыламыз», – деп үкіметке қарсы саботажға үндеген.
Колхоз жиынында осы топ көпшілік дауыспен Достанов және басқа ауыл атқамінерлерін колхозға мүшелікке өткізген. Қарсы болған өкіл мен жекелеген кедей батрақтарға «егер Достановтарды қабылдамасаңдар сендердің колхоздарың бізге керек емес. Ал өздеріңді желкелеп қуып шығамыз», – деп күш көрсеткен.
Жиналыстан кейін қалыптасқан жағдайды хабарлау үшін Торғайға баруға өкілге «Ешқайда бармайсыңар. Біз сендерді ешқайда жібермейміз», – деп ат көлік бермеген.
Кеңес үкіметінің жіберген құпия және басқа директиваларын алдымен топ мүшелері өздері жасырын талқылап, бекіту үшін көпшілікке кейін айтқан. Селолық кооперацияны жеке бас мақсаттарында пайдаланған. Барлық топ мүшелері кооперацияда қызмет еткен. Өздерінен артылғанын ғана пайщиктерге берген. Батрақтарды аяусыз қанаған. Бірнеше жыл бойы батрақтардың еңбекақысы төленбей келген.
Жоғарыда айтылғанды және БМСБ нұсқауларын басшылыққа ала отырып төмендегідей қорытынды жасалынды:
1. Майманбаев Арғынғазы Ажимұлы 41 жаста, қазақ, Торғай ауданының №12 ауылының бас мешіттің молдасы, сауатты, үйленген, отбасында өзімен қоса 7 жан бар, партияда жоқ, кәсібі – молда, меншігінде 1 ат, 2 сиыр, 10 қой, 10 ешкі, 1 жер үй, 1 арбасы болған. Малдарын талан-таражға салған, сайлау құқынан айрылған, бұрын сотталмаған.
Майманбаев ықпалды атқамінер, бай және бас мешіт молдасы. Басқа байлар, атқамінерлермен бірге Совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізген.
Мешітте көп адам қатысқан жиында «Колхозға кірмеңдер. Бұрын ашықтан ашық кәмпескелеген, енді колхозшы етіп, кедейлер мен орташаларды жасырын тәркілейді. Алдымен малдарыңды алады, сосын қатындарың мен балаларыңды кәмпескелейді» деп кері үгіт жүргізген.
Қараңғы қазақтардың діни сенімін пайдаланып, түс көрдім, түсімде ай көкжиекке толық батып кетіп, кішкенеден кейін қайтадан көтерілді. Бұл ақырзаманның белгісі. Совет өкіметі көп ұзамай құлайды. Содан кейін жайлы заман туады. Айдың қайта көтерілуі соның белгісі. Таза жүріңдер, күнә жасамаңдар. Құдайға сиынып, Алладан кешірім сұраңдар, деген. Осының барлығын ауылдық кеңестің төрағасы А.Байтасовтың көзінше айтқан.
Молда Майманбаев байлар мен атқамінерлердің жасырын антисоветтік ұйымының басшыларының бірі. Бұқараның қараңғылығын пайдаланып кеңес өкіметінің іс-шараларын болдырмау мақсатында жұмыс жүргізген. ( әрмен қарай №№1 – 46 істердің тізбесі көрсетілген. ).
Жоғарыда көрсетілген істер Қылмыстық Кодекстің 58 бабының 10 тармағы және 72 бабының 2 тармағына жатады. Сондықтан істі БМСБ ҮШТІГІНЕ қарауға жіберілсін. Прокурормен келісілген. Осы қорытындының көшірмесі Қостанай округтік прокурорына жіберілсін.
 
3 қосымша
Выписка из протокола №26/к заседания тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 14 июля 1930 г.
Слушали
1. Дело №1896 по обвинению – Майманбаева Аргунгазия и других по статье 58/10 и 72/2 ст. ст УК
Постановили**
1. Майманбаева Аргунгазия РАССТРЕЛЯТЬ имущество составлением трудовой нормы конфисковать.
Секретарь Тройки / Русаков /
**Үштіктің хаттамасы түпнұсқада беріліп отыр.
 
4 қосымша
АКТ
Біз, төменде қол қоюшы БМСБ-ның (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) Қостанай округтік бөлімі бастығының уақыша бастығы Никитин және хатшысы Малеев 1930 жылдың 1 тамызында жасадық осы актіні.
Қазақстан бойынша БМСБ жанындағы ҮШТІКТІҢ №№1891, 194, 18961897 істер бойынша 1930 жылы1 шілдеде толтырылған № 26 хаттама негізінде мыналарды:
1. Тоқсанов Досмағанбет
2. Асылбеков Иржан (Ержан болуы мүмкін)
3. Шонанов Муктан (Мұқан немесе Мұқтар болуы мүмкін)
4. Сандибаев Ниякбек (Нақыпбек, Ниязбек немесе Қияқбек болуы мүмкін)
5. Табаев Кашкар(Тапаев Қошқар болуы мүмкін)
6. Майманбаев Аргунғазы (Найманбаев Арғынғазы)
7. СегизбаевАбдибек
8. Баймуратов Каип
9. Жаналин Тлеп
10. Саматов Суюнчалы (Сүйінішәлі)
11. Мурзабетов Капралап (Мырзабеков Қайралап болуы мүмкін)
12. Канаев Мешетпай (Мешітбай)
13. Кенжетаев Абдолла
14. Бестаулов Дощан
15. Кудайсугуров Ермагамбет
16. Минбаев Нургали
17. Айнекебаев Махмут (Әйнекбаев немесе Айнабаев болуы мүмкін)
ату туралы үкім 1930 жылғы 31 шілдеден 1 тамызына қараған түні орындалды.
 
5 қосымша
«Бекітемін»
Қостанайоблысының прокуроры,
3 санатты әділет кеңесшісі
Г. П. Луценко
18. 10. 1989 ж.
Мұрағаттағы қылмыстық істер материалдары негізінде (мұрағаттағы №3871) А.М. Ажимов ісі бойынша қ о р ы т ы н д ы
Т. А. Ә.: Ажимов Арғынғазы Майманбайұлы (тергеуші істі бастаған кезде осылай жазған, кейін «Арғынғазы Әжіұлы Майманбаев» делінген)
Жасы, туған жері: 41 жаста. Торғай ауданы №12 ауыл Наурызбай қыстағы
Париялылығы: партияда жоқ
Тұтқындалғанға дейінгі қызметі: молда
Туысқандары туралы мәлімет: 7 жан
Тұтқындалған уақыты, тағылған айыбы, қашан және қандай орган іс бойынша шешім қабылдаған:
1930 жылғы 14 наурызда тұтқындалған;
1930 жылғы 18 сәуірде айып тағылған;
1930 жылғы 14 шілдеде Қазақстан бойынша БМСБ жанындағы ҮШТІК шешімімен
жазалаудың жоғарғы шегі – атуға үкім шығарылған;
1930 жылғы 31 шілдеден 1 тамызға қараған түнде үкім орындалған.
 
Айыптау фабуласы: ҚК 58 бабының 10 тармағы, 72 бабының 2 тармағы;
Антисоветтік ұйымдарға мүшеболу. Колхоздың мүлкін бүлдіру.
Ақтау үшін негіз: шешім қабылдаған соттан тысқары орган – БМСБ ҮШТІГІ.
Қылмыстық істе заттай айғақтар жоқ.
Ажимов (Майманбаев) А.А. ісі «30-40 жж. және 50 жж. бас кезінде орын алған репрессия құрбандарына қатысты әділеттікті қалпына келтіру шаралары туралы СССР Жоғары Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 18 қаңтардағы Жарлығына сәйкес келеді.
Қостанай облысы прокурорының
аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Н. Н. Шумский
 
Қазақ ССР-ы Қостанай облысы бойынша
УКГБ бастығының орынбасары М.Ю. Даумов
25 тамыз, 1989 жыл.
 
Тергеу құжаттарын толық жариялап отырғандағы мақсат: кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап 50-ші жылдардың ортасына дейін айыптаулар мен үкім шығару қандай тәсілдермен орындалғанын көрсету. Екіншіден, ату жазасына үкім шығарылған 17 адамның артында қалған ұрпақтары, туыстары тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болған аталарының қандай жағдайда шәйіт болғанынан хабардар ету.
Қылмыстық істегі құжаттардан 12 жылда тоталитарлық билік жүйесі болып қалыптасқан Кеңес өкіметі адамның жеке басының құқықтарын қорғайтын заңдарды белінен басып, қандай да болмасын жеке меншіктің көзін жою мақсатында айыптауларды қолдан ұйымдастырып, заң талаптарына сәйкес айғақтардың болуын қажет етпегені көрініп тұр.
Барлық тергеу жұмыстары бас аяғы төрт айдың ішінде жедел аяқталып, 17 адам бір үкіммен бір түнде атылған. Олардың атылғанға дейінгі тән қиналысы мен жан күйзелісін бұдан былайғы өмірде адам баласының басына бермесін.
– Жалғыз біздің Арғынғазы әкеміз емес. Ағайын, туыстардың өзі бір бірімен араласудан қорқып, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» сол заманда жазықсыз қуғынға ұшыраған кісілердің отбасының тоз-тозы шықты ғой. Арғынғазы әкем ұсталып хабарсыз кеткеннен кейін әйелі бес баласымен Құмкешудегі қайын інілеріне келіп жан сауғалайды. Шешемізді көзіміз көрді. 1958 жылы қайнысы Қажығали әкемнің қолында қайтыс болды. Өмірлері өксікпен өткен балаларының үшеуі тұрмыстың ауырпалығына шыдай алмай жастай қайтыс болды. Ұлы Қабжамал үйленді, бірақ бала болмады. 1948 жылы аурудан қайтыс болды. Үлкен қызы Жамал Торғай ауданына тұрмысқа шықты. Балалары бар. 1960 жылдың бас кезінде қайтыс болды. Арманда кеткен отағасын еске ала ма, қыршынынан қиылған балаларын ойлай ма, кім білген?! Марқұм, көп үндемейтін еді. Үнемі ой үстінде отыратын. Ол уақытта біз балалықпен білмедік қой, – деп Бақытжамал апай көз жасын сүрте отырып еске алады.
Бақытжамал апа, немересімен
(Бақытжамал апа немересімен)
 
«Орнында бар – оңалар» деп үлкендер бекер айтпаған. Найманбайдың Арғынғазыдан басқа 1928-1940 жылдары қуғын-сүргіннен аман қалған балалары Қауымбай, Жүсіп, Әжімнен тараған ұрпақ бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақмола және Қостанай облыстарының аумақтарында өмір сүріп жатыр.
Қуғын-сүргін оқиғалары туралы сөз болғанда көбіне 1937-1939 жылдардағы сталиндік репрессия құрбандары аталып, қазақ ұлтының 1917 жылға дейінгі бетке ұстарларынан Алаш көсемдерінің аттары аталумен ғана шектеледі.
1928-1930 жж. кәмпескелеу кезінде 60 мың шаруа бай деп танылып, 40 мыңының дүниесі тартып алынған. 1 миллиондай қазақтың бай, молдалары шекара асып кетуге мәжбүр болған.
Қазақстандағы кәмпеске кезінде 22 мың адам қамауға алынды. 4 мыңдайы жер аударылды. Бұл ресми тіркелгені ғана. Сотсыз, тергеусіз қаншама байлар, қожа, молдалар ұсталған жерінде атылып, сүйектері далада қалғаны баспасөз бетіндегі материалдардан белгілі болуда.
Жазықсыз жандардың Алла иманын берсін, бақидағы орындары пейіште болғай!
Бақытбек БАЙТЕМІР,
өлкетанушы-қаламгер
 
Қосымша:
Ішкі істер министрлігінен келген құжаттардың ішінде №308 делода атылған 17 адамнан басқа Байтасов Ақан, Сексенбаев Байкенже, Садырбаев Сүйінбай, Жиенбетов Доғуан деген адамдарға іс қозғалғандығы туралы айғақ бар. Бірақ олардың тағдыры қайлай болғаны белгісіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓