Алдымен балаларына, кейін өзіне…
Қостанайда 26 жасар әйелдің шиттей балаларына пышақ салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«15 сәуір күні түнгі сағат 01.17-де 26 жасар әйелдің «102» пультіне екі баласын пышақтап, өзінің тамырын кескіледі деген хабар келіп түсті. Анықталғандай әйел үш жасар қызы мен 1,9 жасар ұлына пышақ салған. Кейін өзінің қан тамырларын кескілеген. Аталған дерек бойынша полиция ҚР Қылмыстық Кодексінің 24-бабы 3-тармағы, 99-бабының 3-тармағы «Кісі өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал әйелдің өзіне қол салуға оқталуы ҚР Қылмыстық Кодексінің 105-бабы, 1-тармағы бойынша тіркелді» делінген ақпараттық хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Балалардың денсаулығы бірқалыпты, қанағаттанарлық, облыстық балалар ауруханасында емделуде.
Полиция бұл оқиғаның мән-жайын анықтады. Анықталғандай, 26 жасар келіншек өз-өзіне қол жұмсар алдында «Барлығына құрбымды кінәлауларыңызды сұраймын» деген хат қалдырған. Тергеу барысында күдіктінің әйелдерге арналған бейімдеу орталығында мекендейтіні және өзінің кездесіп жүрген жігітімен 22 жасар құрбысының көңілдес болуы осы жанжалға себеп болған.
«Күдікті 2018 жылы азаматтық некедегі күйеуімен ажырасып, Қостанайға келеді де, сәбилерін «Дельфин» балалар үйіне тапсырған. Өзі Қойбағар ауылына жұмыс істеуге кеткен. 2019 жылы аудан орталығына көшіп келіп, ер азаматымен қайта табысады. Сол жылы сәбилерін балалар үйінен қайтарып алады. Кейін ер-азаматпен ажырасып, қайтадан Қостанайға көшіп келеді. Тамыз-қазан айлары аралығында облыс орталығында анасының қолында тұрған ол бейімдеу орталығының бір бөлмесіне ие болады. Балаларына жәрдемақы алып, тегін тұрған, мемлекет бұл отбасыға үнемі жәрдем беріп отырды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аясында күдікті әйелге психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалатын болады», – ПД баспасөз қызметі.