Карантин енгізілер алдында…

Бүгін түн ауа, яғни 17 сәуірде сағат 00.00-де Қостанай облысына карантин енгізіледі. Бұл – облыс тұрғындары арасында коронавирус эпидемиясына қатысты жағдайдың шиеленісуіне байланысты қабылданып отырған шешім. Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Қостанай облысының Бас мемлекеттік дәрігері В.Нечитайло айрықша шарттар белгіленген Қаулы шығарған еді. Ал сәл кейінірек облыста карантин жарияланғанға дейін өңірдегі ахуал туралы тұрғындарға жалпылама ақпарат беруге арналған брифинг өтті.Безымянный
Брифингте облыс көлеміндегі қазіргі ахуал туралы мәлімет жария етілді.
"2,5 ай ішінде COVID-19 эпидемиясы тұтастай елді қамтып үлгерді. Бүгінде бұл дертке шалдыққандар саны мыңнан асып, 16 өлім тіркелді. Науқастар саны күн сайын ұлғаюда. Біздің облыстағы жағдай осы уақытқа дейін, салыстырмалы түрде, анағұрлым тұрақтырақ болып келді. Бірақ, 2 күн бұрын тіркелген дерт жұқтыру дерегінің соңы қайғылы жайтпен аяқталды. Осыған орай сақтық, алдын алу шаралары мейлінше күшейтіліп отыр. Кіріс-шығыс, жүріс-тұрыс қатаң қадағалауда", – деді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетов.
Оның сөзінше, өңірде 2,5 мың адам үй карантинінде, 142 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. Осы кезге дейін инфекция жұқтырған 5 адам тіркеуге алынған. Жағдайдың ушықпауы үшін барлық күш жұмсалып жатқанын айтады спикер.
"Бүгінгі таңда барлық облыстар карантин режимін қабылдауға мәжбүр болып жатыр. Біздің аймақтың да осы шешімге келуі түсінікті. Бұл не үшін керек? Бұл, ең әуелі, инфекцияның ешкімге беймәлім ошақтарын біріктіру үшін қажет. Ең қиыны – барлық адамды індетке қарсы тестілеуден өткізу мүмкін емес. Жұмыс үлкен тәуекелмен жүргізілуде. Сондықтан, бірінші кезекте пневмания, ЖРВИ секілді коронавирус инфекциясына ұқсас симптомы бар адамдар, күдікті науқастармен байланысқа түсу ықтималдығына ие тұлғалар және әлеуметтік қорғалмаған жандар тексеруден өткізілуде", – дейді О.Бекмағамбетов.
Ол індеттің алдын алуда аса өзекті болып отырған мәселелерге де тоқталып өтті. Солардың бірі – шекарадан өткізу. Спикердің айтуынша, біздің облыс арқылы маңызды 4 автоөткел бар. Олардың ең ауқымдысы – "Қайрақ" бекеті арқылы бүкіл елге тасымал жасайтын жүк айналымы. Бұл жерден күніне 500-ден астам адам кіріп-шығады екен. Осы және басқа бекеттердегі бақылау жұмысын босаңсытып алмау қажет. Қазір бұл маңда экспресс-тестілеу шаралары үздіксіз жүргізілуде.
Одан кейінгі мәселе – карантин енгізу туралы Қаулы шарттары аясында туындайтын сауалдар. Мысалы, егіс жұмыстары, энергиямен, газбен қамту, азық-түлік жеткізу, медициналық қызмет көрсету және т. б. түйткілдер тұрғысында түсіндіру жұмыстары жалғасады. Өйткені, спикерлердің сөзінше, бір қаулыда барлығын түп-тұқиянына дейін қамту мүмкін емес. Бұл жарлық та карантин режиміне өткен өзге қала-облыстар тәжірибесіне сүйеніп жасалған. 
Осы Қаулыдағы айрықша шарттар туралы Қостанай облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігері Владимир Нечитайло егжей-тегжейлі ақпарат берді. Қаулы мәтінімен сайтымызға жарияланған "Карантин енгізу туралы қаулы" (https://old.kostanaytany.kz/archives/84546) материалынан таныса аласыздар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓