Рудныйда ахуал қандай?
Рудныйда ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Мақсат – қауіпті індеттің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беру.
Штабтың мәліметінше, бүгінде қалалық аурухананың инфекциялық бөлімінде дәрігерлердің бақылауында 3 адам ғана тұр, 346 адам үйде оқшауланған. Тобыл қаласындағы провизорлық госпитальда бірде-бір рудныйлық жоқ. Яғни Рудныйдағы ахуал тұрақты.
–Басқа елдердің гуманитарлық көмегі бізге де жетті. Мысалы, емханамыздың жабдығы 1200 тепловизормен толықты. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыдай жаңа тест жүйелерін күтудеміз, – деді қаланың бас санитар дәрігері Ораз Сасықов.
Онлайн брифинг барысында журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары зімбір тамыры, лимон мен сарымсақтан басқа да азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап кеткендігін алға тартты. Әкімнің экономика жөніндегі орынбасары Денис Петрухно әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау жауапкершілігі ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелгенін айтты.
–Тізімде 19 тауар бар, оның ішінде 9-ның бағасы ерекше бақылауда, – деді ол.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Светлана Костина сұрақтарға жауап бере отырып, жыр болған «42 500» туралы да түсініктеме берді.
–Қазіргі таңда бұл жәрдемақы жалпы соммасы 256 млн теңгені құрайтын 6 мыңдай тұрғынға тағайындалды. Ескере кетейін, мұндай төлем төтенше жағдайдың кесірінен жұмыссыз қалған азаматтарға ғана тиесілі. Кейбір пысықтар мерзімі өткен құжаттармен және қайтыс болған адамдардың атынан құжат рәсімдеуде. Уақытты босқа кетірмеңіз. Әлеуметтік сақтандыру қоры әрбір өтініш берушінің мәліметін 12 деңгейлі тексерістен өткізеді, – деді Светлана Борисовна.
Штаб төрағасы, қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина көшелер мен үйлерді залалсыздандыруға қатысты пікірімен бөлісті.
–Рудныйда 700-дан астам көп қабатты тұрғын үй ПИК-тердің қарамағында. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша, олар подъездер мен лифтілерді күніне бір рет залалсыздандыру керек. Әрине, бұл жауапкершіліктен ешкімді босатпаймыз. Дегенмен тұрғындарды да бұл іске белсене атсалысқанын қалаймыз. Әкімдік, өз кезегінде, ПИК-терді дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етуге көмектеседі, – деді ол.
Тікелей эфир кезінде саяжайларды тағдырына қатысты да сауал туындады.
– «17» және «17A» маршруттарының автобустары міндетті түрде жүреді, қалған бағыттарда қазір мәселе шешілуде. Бірақ алдын ала уайымдамаңыз. Жүргізушілер қауіпсіздік шараларының барлығын сақтайді және блок-бекетте тексерістен өтеді, – деді Елена Вадимовна.
Осы орайда, тағы бір сұрақ туындайды. Саяжайға баратындардың дені – 65 жастан асқан қариялар. Сондықтан штаб мүшелері тұрғындарды дәл бүгінгідей жағдайда саяжайды емес, алдымен денсаулықты ойлауға шақырады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ