Алаяқтықтан абай болыңыз!
Бүгінде әлеуметтік желілерде көптеген хабарландыру пайда болды, онда қазақстандықтарға жеке мәліметтерді сұрату арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны алуға көмектесу ұсынылады. Сондай-ақ кейбір «пысықай» азаматтар бұл жағдайды пайдаланып, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардан ЖСН, ЭЦҚ, банк картасының нөмірін, тіпті оның пин-кодын сұрай отырып, әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеп беру қызметін көрсетуді ұсынады.
Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтарды мұндай қызметтерге жүгінбей, олардан бас тартуын ескертеді.
«Жеке мәліметтерін, соның ішінде ЭЦҚ-ны бөтен адамдарға беру арқылы азаматтар өздері жеке деректері мен мүліктеріне қауіп төндіретінін түсінуі керек. Оның үстіне, аталған төлем азаматтардың шотынан өздерінің «қолғабыс етуімен» ұрлануы мүмкін. Электрондық цифрлық қолтаңба мен оның құпиясөзін алған алаяқтар азаматтың egov.kz-тегі барлық жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Оған қоса, олар жалған келісімдер жасасу үшін оның атына кәсіпкерлік ашып, баспанасына бейтаныс тұлғаларды тіркеп, тіптен көлігін өзге адамның атына шығара алады. Банк картасынынң ПИН-кодын алғаннан кейін алаяқтар ондағы барлық қаражатты шешіп алуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтардың онлайн түрдегі мемлекеттік қызметтердің барлық мәселесі бойынша, соның ішінде ЭЦҚ мен жаңа әлеуметтік төлем түрі бойынша ақысыз түрде және еш қауіпсіз 1414 бірыңғай байланыс орталығынан көмек ала алатындығын хабарлайды. Қоңырау шалу тегін. Қазіргі уақытта оның жұмысына халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам қызметкері тартылған.
Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды, онда қарапайым желі қолданушылары, IT-мамандар және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінен тұратын бірқатар ерікті жиналды. Олардың барлығы egov.kz порталының белсенді қолданушылары, олар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алады және еліміздегі қиын сәтте өзге азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалануды үйретуге дайын. Сондай-ақ еріктілер азаматтардан еш жеке деректерін талап етпейді, тек сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер беру арқылы мемлекеттік қызметті алуға көмектеседі.
Егер азамат ескертуімізге қарамастан, ақылы түрде күмәнді «көмекшілердің» қызметтерін пайдаланып үлгерсе және жеке мәліметтерін берсе, Азаматтарға арналған үкімет оларға ЭЦҚ-ның құпиясөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгертуді немесе кілттердің күшін жоюды ұсынады.
Қ.ҚИЫСХАН