В.Цымбалюк: «Қашықтықтан оқытуға әзірміз»
6 сәуірден оқу жылының төртінші тоқсаны басталып, 22 мамырға дейін жалғасады. Елімізде коронавирустық инфекциядан қорғану шараларын күшейту үшін төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты оқушылардың барлығы қашықтықтан оқытуға көшеді. Алайда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 26 наурыздағы отырыс шешімімен аудан орталықтарынан алыс орналасқан 80 адамға дейінгі оқушылары бар шалғай ауыл мектептері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде оқитын болады. Облыста мұндай мектептердің саны 224, оларда 7414 оқушы білім алады. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Осы мектептерде оқыту балалар легін бөле отырып, екі ауысымда және әрбір сабақтан кейін үй-жайларды желдету және дезинфекциялау режимін қатаң сақтай отырып, ауысым арасындағы кемінде бір жарым сағаттық үзіліспен ұйымдастырылатын болады. Мектептерде маскалық режим енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде осындай мектептердің директорлары қашықтан оқыту түріне көшуге дайын болулары тиіс, – деді басқарма басшысы.
Мектепте интернет мүлдем болмаған жағдайда қашықтықтан оқыту оф-лайн форматында құрылады, онда сабаққа роликтер мен презентациялар, тапсырмалар белгіленген мерзімге санитарлық нормаларды сақтай отырып, флеш-тасығыштарда берілуі мүмкін. Әрбір мектеп, әрбір педагог ұсыныстарды басшылыққа ала отырып және қолда бар ресурстарды ескере отырып, оқу үдерісін құратын болады. Өңірдің барлық мектептерінің мұғалімдері үшін интернет-технологиялар арқылы оқыту семинарлары өткізіледі.
Қазірдің өзінде отбасында бір ғана компьютер, мектеп жасындағы бірнеше баласы бар, сонымен қатар ата-аналардың өздері қашықтан жұмыс істесе, ата-аналар қайтпек деген сұрақтар келіп түсуде.
– Бұл мәселені оқу тоқсанының басталуына дейін мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісіне хабарлау қажет. Бұл мәселе жеке шешіледі. Екіншіден, смартфондарды қоса алғанда, түрлі электрондық құрылғылар арқылы және әртүрлі байланыс түрлерін, оның ішінде флеш-жинақтауыштарды пайдалана отырып, қашықтықтан оқыту ұйымдастырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта 4 мыңға жуық оқушыға компьютерлер қажет, 4,5 мыңға жуық оқушы интернет желісіне қол жеткізе алмайды. Бірақ бұл мәселе қазір шешілуде. Қашықтан оқытуға қажетті жағдай жасау және жұмыс орындарын жабдықтау мақсатында 5 мыңнан астам мектептің компьютерлік техникасы білім беру ұйымдарынан педагогтер мен оқушыларға, соның ішінде алдымен әлеуметтік аз қамтылған балаларға қайтарымды негізде беріледі. Сонымен қатар, отбасыларға уақытша пайдалануға беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1759 компьютер сатып алуға 300 млн теңге бөлінді, – деді В.Цымбалюк.
Ал колледж студенттері үшін қашықтықтан білім алу оқу жылының соңына дейін, яғни 30 маусымға дейін жалғастыратын болады. Олар үшін кәсіби практика келесі академиялық кезеңге ауыстырылатын болады. Олар дипломдық жобаларды онлайн форматта қорғайды.
Сұрақтар мен кеңестер алу үшін облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясына 39-64-16 телефоны бойынша хабарласа аласыз. Егер ата-ана немесе бала үшін қиындықтарды еңсеру қиын болса, 37-08-58 телефоны бойынша хабарласып, Психологиялық қолдау орталығының мамандарына жүгінуге болады.
Қашықтан оқыту төмендегідей форматта жүзеге асады:
Бірінші, теледидар арқылы сабақтар. Негізгі пәндер бойынша жаңа тақырыптарды түсіндіріп және бекіте отырып, 10 минуттық бейнесабақтар мемлекеттік тілде оқитын оқушылар үшін «Балапан» арнасында, орыс тілінде оқитын оқушылар үшін «Ел-арна» арнасында таратылады. Параллель және пәндер бойынша бейнесабақтар кестесі алдағы күндері әр оқушы мен ата-ананың назарына жеткізіледі.
Екінші, мамандандырылған интернет-тұғырнамалар арқылы сабақтар. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға сабақтарды онлайн қарауға ғана емес, сондай-ақ бұрын талданған тақырыпты пысықтай отырып, қайталауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл формат тестілеу өткізуге және алынған білімдерді бағалауға мүмкіндік береді. Төртінші тоқсанда бұл жүйелерді тегін пайдалануға болады. Атап өту керек, қашықтық форматындағы сабақтар материалдың толықтығы мен ауқымдылығы есебінен 40 минуттық сабақтардан ерекшеленеді, бұл сабақтардың ұзақтығы 10-15 минуттан аспайды.
Үшінші, мессенджерлер мен электрондық күнделіктерді пайдалану. Кең жолақты интернет жоқ аймақтарда тапсырмаларды беруге көпшілік пайдаланылатын WhatsApp және Telegram мессенджерлері, электрондық поштаны пайдалану мүмкін. «Күнделік» электрондық күнделігі арқылы мұғалімдер тапсырмаларды беріп, кері байланысты орната отырып, дайын жауаптар алады.