Нысандардағы тәртіп тексерілді
Бүгін Қостанай қаласында мониторингтік топтың ұйымдастыруымен рейд өтті. Бұл топтың құрамында қалалық әкімдіктің, жергілікті полиция,ішкі саясат басқармасының, санитарлық қадағалау қызметкерлері және БАҚ өкілдері бар.Рейд мақсаты – қызмет етуге рұқсат берілген сауда орындары мен бизнес нысандарындағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау. Мониторингтік топ облыс орталығындағы "Дәлел", "Юбилейный", "Жагат", "Азия" және басқа да азық-түлік дүкендеріне барды. Осы нысандарда маскасыз тұтынушыларға және оларға қызмет көрсеткен сауда орнының иелеріне ескерту жасалды. "Фуд стейшн", "Фуд суши" қатарлы кафелердің қожайындарына соңғы қаулыда белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін хаттама толтырылды. Маршруттық автобустар да тексерілді. "Бұл шара облыстың бас санитарлық дәрігерінің 15 мамырдағы №18 және ҚР бас санитарлық дәрігерінің №36 қаулыларына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бізге бас прокуратура бекіткен алгоритм жолданған, біз сол бойынша жұмыс істеудеміз. Яғни сауда және бизнес нысандарының талаптарды сақтауы тексеріледі. Бұл – кәсіпкерлерге жұмыс істеу тәртібін түсіндіретін нұсқаулық десе де болады. Ал ескерту немесе әкімшілік хаттама толтыру ережеге қайшы әрекеттің деңгейін байланысты іске асады", – дейді топ мүшесі Асқар Әлмағамбетов. Мониторингтік топтың міндеті – белгіленген алгоритм бойынша сауалнама, сурет, бейнетаспа түріндегі материалдар жинау, оларды рейд аяқталысымен сот қарауына жіберу. Ал талап бұзушыларға қатысты шешім шығарып, әкімшілік жаза белгілеу соттың құзырында. Рейд шарасы бүгін кешкі 20.00-де жалғасын табады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев