ИНЕ ҰСТАҒАННЫҢ БӘРІ ИКЕМДЕЛМЕК
Қостанай облысында 70 жеңіл өнеркәсіп ұйымы медициналық маска тігумен айналысады. Жақын арада бұл іске тағы да 20 шақты тігін цехі жұмылдырылмақ. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі штаб отырысында мәлім етті.
«Аймақта медициналық маска шығарылмайды. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында, біз бұл жұмысты тігін өндірісімен айналысатын жеңіл өнеркәсіпке жүктеуді жөн көрдік. Қазіргі уақытта облыс бойынша 70 кәсіпорын осы іспен айналысуда», – деді облыс әкімі. – Осының нәтижесінде 17-29 наурыз аралығында облыс бойынша 238 мың қорғаныш маскалары тігілді. Облыс тұрғындарын қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыстың дәріхана қожайындарына жергілікті өндірушілердің осы өнімдерін сатып алу ұсынылып жатыр".
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен және ательемен өндіріс көлемін арттыру мәселесін пысықтауды, сондай-ақ тігін цехтары мен ательенің үздіксіз жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
Жиын барысында Қостанай облысының шекарасында блок бекеттерді қою мәселесі де көтерілді. Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нығмет Исмағұловтың мәліметінше, бекеттер 31 наурызда сағат 22.00-ден бастап өз жұмысты бастайды.
"Бекеттердің негізгі міндеттері – Ресей Федерациясы тарапынан да, еліміздің облыстарынан да біздің облыс аумағына кіруге және шығуға толық тыйым салу болып табылады. Осыған ұқсас талаптар жаяу жүретін адамдарға да, сондай-ақ көліктің басқа да түрлеріне де (велосипед, мотоциклдер, мопедтер, ат арбалар) қойылатын болады. Облыс аумағы бойынша жүкті жеткізетін немесе транзитпен өтетін жүк көліктері лек-легімен өткізіліп, олардың кіру және шығу уақытын патрульдік полициясы қадағалайтын болады. Автобустар мен шағын автобустар үшін облыс аумағында жүруге тыйым салынады", – дейді Н. Исмағұлов.
Бекеттерді қадағалауға тәулігіне 106 полиция және 28 медицина қызметкерлерін жұмылдыру жоспарланып отыр. Аймақ басшысы осы бағыттағы жұмыстарды әлі де пысықтау қажеттігін тапсырды.