Соттаспайтын, татуласатын уақыт
Қазіргі төтенше жағдайға байланысты жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау органдары, санитарлық қызмет, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, біздің азаматтардың өмірлері мен денсаулықтарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған барлық іс-шараларды іске асыруда. Арнайы шектеу тізімі белгіленген, оны барлық азаматтар орындауға міндетті. Осыған байланысты Қостанай облысытық соты да тұрғындарға шыдамдылық танытып, осы шараларға түсіністікпен қарауға, яғни сот талқылауларына қашықтықтан, сандық технологияларды пайдалана отырып қатысуға шақырады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хатшысы З.Едикованың айтуынша, Қостанай облысының соттары істерді бейнеконференция байланысы арқылы онлайн тәртібінде қарауға толық әзір, оған TrueConf, Zoom, Skype, Whatsapp мобильдік қосымшалары арқылы қатысуға болады.
-Сонымен қатар, сотқа талап арыздар, арыз, шағым бермек болған барлық азаматтарға сотқа келуді уақытша қоя тұруға шақырамыз, ол Сізді және Сіздің жақындарыңыздың өмірлері мен денсаулықтарына инфекцияны жұқтыру қаупін төндіруі мүмкін. Бұрын біз азаматтарға бірнеше рет сот жүйесінің IT-сервистері: “Сот кабинеті” сервисі, “TrueConf” бейнеконференция жүйесі арқылы қашықтықтан сот отырыстарына қатысуға болатындығы туралы түсіндірген болатынбыз. Осы қызметтерді барлық жерде пайдалануға болады. Соттар қашықтықтан істерді қарау тәртібінде жұмыстарын жалғастыруда, оларға іске қатысушылардың пікірін ескере отырып, қатысатын тұлғалары саны көп, көлемді, күрделі істерді қарауды кейінге қалдыру ұсынылды. Ал, қашықтықтан қарау мүмкіндігі бар істерді соттар мобильді байланыс құралдарын, гаджеттерді және байланыс операторларының қызметтерін қолданып, қарауда. Соттар сот отырысына қашықтықтан қатысушы әрбір тұлғаға олардың конституциялық құқықтарының сақталуын, сотта олардың сөздері тыңдалатындығына кепілдік береді. Азаматтарға айтарымыз, төтенше жағдай – бұл соттасатын уақыт емес, татуласатын уақыт, – дейді З.Едикова.