Жастар ЖИТС-ке қарсы
1 желтоқсан – дүниежүзілік ЖИТС-пен (СПИД) күрес күні. Бұл күн 1988 жылдан бері аталып келеді. Жыл сайын елімізде 5-ші қараша мен 5-ші желтоқсан аралығында аталмыш күнге орай айлық өткізіледі. Осыған орай, облыстық ЖИТС-пен күрес орталығы қаламыздағы “Март” сауда орталығында кең ауқымды акция ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар АИТВ-ға жедел тест тапсырып, қан қысымын өлшеп, қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтауға да мүмкіндік алды. Сондай-ақ, акция аясында Қостанай медициналық колледжінің студенттері флеш-моб өткізіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, айлық аясында әлеуметтік желілер арқылы өткізілген сайыстардың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
-Бүгін біз “Март” сауда орталығында кең ауқымды акция өткізіп жатырмыз. Адамдар көп шоғырланған жерде ұйымдастыруымыздың басты себебі де осы, тұрғындар аталмыш дерт туралы білсін, мағлұмат алсын деген ниетпен өткізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ВИЧ жұқпасына қатысты арнайы екпе, не жұқпаны адам ағзасынан толығымен жойып тастайтын препараттар табылған жоқ. Сондықтан, ауруды болдырмаудың бірден бір жолы оның алдын алу. Бұл орайда біздің орталық арнайы іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Және тұрғындарды тексерілуге шақырамыз. Дегенмен, кез келген адам зиянды әдеттерден, кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстанғаны абзал, – дейді орталықтың бөлім басшысы Нағима Тәшетова.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев