СЫРҚАТ САЛДАРЫ

"Бәледен машайық қашыпты" дегендей, коронавирустың өршігенін естіп, үйдегі Қытайда шығарылған заттардың барлығын да сыртқа шығарып тастадым. Енді, қаңыраған төрт қабырғаның ортасында тыр жалаңаш тұрмын", – деген әзілге (басында күлгенімізбен) қазір күлетін жағдайда емеспіз. Олай дейтініміз, дерт өршігелі екі ел арасындағы байланыс үзіліп, сауда-саттық тиылды. Тек қазақ елі ғана емес, әлем Қытаймен қарым-қатынасын тоқтатты. Салдарын оқшауланған мемлекет те, өзгелері де сезініп отыр.     

Соңғы мәліметтерге жүгінер болсақ, Қытайдан шыққан жаңа коронавирусты әлемде 155 мыңнан астам адам жұқтырыпты. Қытайдың Ухань қаласынан бастау алған кесел Азия аумағында ғана емес, Еуропа елдерінде өршіп тұр. Коронавирустың қауіпті әрі емінің жоқтығын жұртшылық жақсы біледі. Айтулы кеселдің ауқымы кеңейген сайын, салдарының да ауыр болары анық. Осыған байланысты, жұмыр жер бетіндегі мемлекеттердің басым бөлігі саналы түрде шекараларын бекітіп, ауру тараған елдермен келім-кетімді шектеп, Қытаймен байланысты белгісіз мерзімге дейін үзуді жөн көріпті.

Адамзаттың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам қаржы, тауар айналымына кері әсерін тигізуде. Ауру асқынғалы жолаушылар тасымалы, ритейл және жалпы экономикалық өсім саласындағы индекс көлемі төмендеп, қаржылық құлдырау сезіле бастады. Қаржылық құлдырау әсіресе, Қытай жағында қатты сезіледі. Мұны әлемдік нарыққа кеңінен танымал "Starbucks Corp", "Mcdonald's",  "Yum China Holdings Inc." іспетті жаһандық компаниялардың Қытайдағы қызметін шектеуінен-ақ аңғаруға болады. Сырқат салдары жойылмаған жағдайда, алпауыт компаниялардың Қытайдан түбегейлі кетуі де ғажап емес.

Ал  BASF SE неміс химиялық концерн басшылығы өздерінің Пекиндегі қызметкерлеріне үйден шықпай жұмыс істеуге кеңес берген. Екі миллиардқа жақын қытайлыққа қызмет көрсетіп отырған әлемдік алпауыт компаниялардың дені осындай әдіске көшкен.  Осы тектес шектеулердің салдарынан, әлемдік қор нарықтары 2 трлн АҚШ долларына дейін шығын шегіпті. Қазіргі уақытта Гонконг қор биржасының ең маңызды Bloomberg Commodity Index биржалық индексі – 4,5%,  Hang Seng – 2,41%, Shanghai Composite индексі 2,75% – ке төмендеген. Сарапшылардың пайымдауынша, дерттің дауасы табылмайынша бұл көрсеткіш құлдырай бермек. Ал асқынған жағдайда, әлемдік компаниялар індет аумағынан түбегейлі кетуі ықтимал.

Дәл осындай жағдайдың осыдан тура 18 жыл бұрын болғанын айта кеткен жөн. 2002 жылы атипті пневмония (SARS) вирусы өршіп, үрей қысқан бірқатар мемлекеттің экономикасына елеулі зиян келтірген еді. Дерт  Қытайдың Гуандун провинциясында тіркелді. SARS (Severe acute respiratory syndrome-related coronavirus, SARS-CoV), типіндегі қоздырғыш-коронавирус өкпе-құрт ауруын қоздыратын.

Бастапқыда ҚХР билігі  індеттің жаппай жұғуын жасырып, инфекцияны өршітіп алды. Салдарынан дерт 2 айдың ішінде көршілес Гонконг пен Вьетнамға, ал 2003 жылдың ақпан айының соңында басқа елдер мен континенттерге таралды. ТОРС ауруының соңғы жағдайы 2003 жылдың маусымында тіркелді. Сол кезде коронавирусты 8437 адам жұқтырып, 813 өмірден озған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәліметтерге жүгінер болсақ, вирусты жұқтырғандардың шамамен 9 % -ы қайтыс болған. 2002-2003 жылдары жұқпалы дерттің таралуын тоқтату мақсатында да дәл қазіргідей шектеулер қолға алынған болатын. Соның салдарынан, тек Қытай экономикасы ғана емес, әлемдік қор нарығы 1,8 трлн АҚШ долларын жоғалтқан еді. Ал биылғы жағдай бұдан да қауіпті, бұдан да ауқымды болады дейді мамандар.

Қазірдің өзінде премиалды тауарларды өндіруші компаниялар, турфирмалар мен казино акцияларының құны құлдырауда. Бағалы қағаздары өтпей тұрған компаниялардың арасында "Marriott International Inc", "Shangri-La Asia Ltd" іспетті қонақ үй операторлары, "Delta Air Lines Inc", "Cathay Pacific Airways Ltd." және "British Airways" іспетті әуе компаниялары бар. Сондай-ақ, қытайлықтар құмартып ойнайтын Макао казиноларының табысы да айтарлықтай төмендеген.

Сала мамандарының уәжіне құлақ асар болсақ, жұмыр жер бетінде айықпас дерт пайда болған сайын жаһандық экономика кейін серпіледі. Мәселен, 2002 жылғы SARS коронавирусы, 2009 жылғы H1N1 тұмауы, 2014 жылы  эболла сырқаты әлемдік экономиканы дүр сілкіндірген еді. Мемлекеттер мен компаниялар шығын шегіп жатқанда тек фармацевтік компаниялардың ғана табысқа кенелгенін айта кеткен абзал. Биыл да сол жағдай…

Екі ел арасындағы байланыс шектелгелі, әрі мұнай құны құлдырап, доллар бағамы өскелі  біздегі импорттық тауар құны да өсе бастаған. Қытайдан көптеп әкелінетін тұрмыстық заттар мен киім-кешек бағасы шарықтау шегіне жетіп, скоч, желім сияқты күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарлар дүкен сөрелерінен тіптен жоғалып кетті. Мұның есесін Ресей, Беларуссиядан әкелінген тауар толтырып тұр. Сұрпы мен сапасы ұқсас тауардың айырмашылығы – тек, құнында. Дымсыз қалмағанда қайтеміз?!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓