Архимед Мұхамбетов: «Азық-түлік қоры жеткілікті»
Қостанай қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. 11 аудан мен Қостанай, Рудный қалаларының тауар өндірушілері ұсынған азық-түлік түс уақытына дейін өтіп кетті. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне облыс басшысы Архимед Мұхамбетов пен басқарма басшылары қатысты. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов айтқандай, жәрмеңкеге облыстың 150 шаруашылық субъектісі 120 тоннадан астам өнім әкелді. Оның 45 тоннасы тұрақтандыру қорынан.
– Салыстырып қарасақ, жәрмеңкедегі бағалар базар бағасынан 15-20% төмен. Қазір біз бағаны жіті бақылауда ұстап отырмыз. Барлық ірі сауда орталықтарында, көтерме сауда қоймаларында азық-түлік жеткілікті. Облыста бір жарым-екі айға жететін азық-түлік қоры бар. Ұн мен макарон бір жылға дейін жетеді. Біз облыстағы 70 диірменге мониторинг жасап, келіссөздер жүргізіп, оларға қосымша шикізат қорын қамдау туралы тапсырма бердік. Қазір диірмендер көршілес өңірлер мен Ресейдің шекаралас аймақтарынан қосымша бидай сатып ала бастады. Ең бастысы, облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар ұн, макарон, ет, сұйық май, көкөніс сияқты 19 түрлі азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз етіп отырмыз. Облыстың тұрақтандыру қорында шамамен 1 млрд 300 мың теңге қаржы тұр. Сондықтан тұрғындарды азық-түлікпен ұзақ мерзімге еркін қамтамасыз ете аламыз, – деді Архимед Мұхамбетов.
Жәрмеңкеде облыстың тұрақтандыру қорынан бөлінген арзан азық-түлік автосөрелерінің алдында ұзын-сонар кезек күткендер көп болды. Тауар арзан болғандықтан, сауда көліктерінің көбі айналасы бір-бір жарым сағаттың ішінде босап қалып жатты. Қазір картоп пен сәбіздің көк базардағы құны 100 теңгедей болса, арзандатылған жәрмеңкедегі бағасы – 70-75 теңге. Федоров ауданы шығаратын бес литрлік тазартылмаған табиғи сұйық май – 1 650, жергілікті «Жас қанаттың» жұмыртқасы – 230 теңге. Шалғай аудандардан жеткізілген ет бағасы да әжептәуір арзан.
Қапшықтап қант, сөмкелеп ет, сеткілеп сәбіз тасыған ығы-жығы халықтың ортасына облыс әкімі келіп, сауда қатарларын аралап, сатушылармен, тұрғындармен тілдесіп көрді.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев