Үміт – Надеждада

Токио Олимпиадасына жолдама алған дарынды боксшы, жерлесіміз Надежда Рябец Қостанайға келді. Спортшыны вокзал басынан барлық тілеулестері ыстық ықыласпен күтіп алды.FB_IMG_1584201718410
Надежда – бокстан әйелдер арасында ел намысын қорғауға жалғыз мүмкіндікті алған үміткер. Туған жеріне жолдамамен оралған былғары қолғап шеберін туысқандары, достары, ұстаз-тәлімгерлері және қуанышын бөлісуге келген барлық тілеулестері ортаға алды. Құшағын гүлге толтырып, құттықтау тілектерін жаудырды, болашақ олимпиадашымен естелік суретке түсті.
Естеріңізге салайық, 19 жастағы Надежда Иорданияның Амман қаласында өткен байрақты турнирде ел қоржынына "қола" жүлде салған еді. Ең бастысы, Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама иеленді.
Бокстан Қазақстан құрамасының сапындағы жалғыз қыз бірнеше күн туған жері Қарабалыққа барып, сергіп, мауқын басуды жоспарлап отыр. Ал бір аптадан кейін АИБА-ның Алматыдағы базасына, одан әрі Куба аралына аттанады. Онда құрама оқу-жаттығу жұмыстарын өткізбек. Әлемді жайлаған пандемия ауаны Олимпиада уақытына қалай әсер етері беймәлім, дегенмен, қайткен күнде де ел үмітін арқаламақ Надеждамыз сын-тегеурінге сақадай сай болуы қажет.
Спортшымызға сәттілік серік болғай!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓