Арқалықты абаттандыруға 2 миллиард теңге жұмсалады
Осыған орай, қала әкімі кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, өз инвестициясы есебінен абаттандыру жұмыстарына үлес қосуды ұсынды.
Алдағы уақытта Арқалық қаласының әкімі, «Арқалық Даму» қорының өкілдігі мен кәсіпкерлер арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Әмірхан Біркенұлыжақында осы жылдың бюджеті қаралып, бекітілгенде қаланы абаттандыруға қомақты қаржы бөлінгенін алға тартты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бюджетті бекіту және нақтылау кезінде ұсынылған бастамаларды қолдады.
Мәселен, Демченко, Қозыбаев көшелеріне және Абай даңғылына, орталық «Наурыз» алңына брусчатка төсеу жоспарлануда. Қазіргі таңда қаланың«Демалыс саябағында» балалар мен ересектерге арналған (салмақ жүктемесі 90 келіге дейін) екі карусель орнатуға байқау жарияланды.
Қала және қалаға қарастыРодина, Ашутасты, Фурманов, Восточный тірек ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Жолдар жөнделеді.
Өткен жылы облыс бюджетінен бөлінген 100 млн теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үйдің төбесі жөнделсе, ағымдағы жылдың жоспарында көпқабатты тұрғын үй секторын жөндеуге 300 млн теңге қарастырылған. Оның 100 млн теңгесі үйлердің төбелерін ал, 200 млн теңгесі қасбеттерді жөндеуге жұмсалады.
Су желілерін жөндеуге де қомақты қаражат бөлінбек. Қазіргі таңда 25,6 км су құбырын жаңғырту бойынша байқау жүргізілуде.
Мұрат Жүнісұлы