Меморандумға қол қойды
Eurazian Resources Group (ERG) облыстағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға 3,5 млрд теңге қаржы бөлмек. Бүгін өзара әріптестік туралы Меморандумға ERG-дің Бас атқарушы директорының орынбасары Алдияр Қазтаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды.
Маңызды құжат ҚР Үкіметі мақұлдаған аймақтарды дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында жасалып отыр. Қаражаттың басым бөлігі Рудный қаласы мен Қашар кентінің жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалмақ. Әрі осы өңірлердің тұтынушыларын электр қуатымен арзандатылған бағамен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
– Елбасы Н.Назарбаев өңірлерді дамытуды қазіргі таңдағы ең негізгі міндеттердің бірі деп атап айтты. Осы орайда мен әкімдіктермен арада жасалған меморандумдардың әрқайсы – аталған тапсырманы орындау мен тұрақты қор қалыптастыру қамы деп батыл айта аламын, – деді Eurazian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
ERG компаниясы біздің облыспен 26 жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оның бері жағында, яғни 2001-2019 жылдар бедерінде Еуразиялық топ құйған әлеуметтік инвестициялардың көлемі 272,5 млрд теңгеге жетті.
Өз кезегінде облыс әкімі А.Мұхамбетов компания басшыларына алғысын айтып, өңірдегі маңызды салаларды жандандыруда мұндай инвестициялардың маңызды рөл атқаратындығын жеткізді. Ол өз сөзінде әлеуметтік сала мен жыл жүйлерін қайта жаңғыртуға тартылатын инвестиция жылдан жылға ұлғайтыла бермек.
Толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.