Ұстаз – ол сәуле шашқан жүректерге…

      Ұрпақ тәрбиесі – ұлы іс. Жас ұрпаққа тәлім беруде тынбай тер төгіп, ерен еңбегінің құрметіне бөленіп жүрген жандар аз емес. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі -Арқалық қаласының тұрғыны, №3 Б. Майлин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Г.Т. Елтебаева.
Г.Токенкызы    Гүлсін Төкенқызы 1961 жылы Аманкелді ауданының Кемер ауылында дүниеге келген. Әкесі – Төкен Сауытбайұлы Елтебаев қазақтың өнерін өрістеткен айтулы тұлға. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, ауданның мәдениет бөлімін басқарды. Кейін, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұсынысымен Арқалық драма театрының директоры болып, әлемді шарлаған атақты «Шертер» ұлттық – этнографиялық ансамбіліне жетекшілік етті. Арқалықта жаңадан ашылған музыкалық училищеге басшылық жасады. Бір өкініштісі, асыл азамат небары төрт мүшел ғана өмір сүрді… 
       – Әкемнің інісінің қолында өскендіктен, мен әкемді «көке», анамды «апа» деймін. Кішкентайымнан бауырларыма барғым келіп, аудан орталығы, кейіннен Арқалыққа қарай бүйрегім бұрып тұратын. Демалыс кезінде үйде екі – үш күннен артық жүріп қалсам көкем: «Әжең белі қайысып су әкеле жатыр, атаң қозы лақ қуып жүр» дейді. Көз алдыма қарт атам мен әжем елестеп, оларды аяп, үйге жеткенше асығатынмын. Неткен тәрбие десеңізші
    Менің Сауағали атамды мектеп – интернатта тәрбиеленген оқушылар әлі күнге дейін есіне алады. Себебі, ол қолынан өнер тамған кісі болатын. Аяғының кемістігінен соғысқа алынбай, еңбек армиясында болған. «Шұбаркөлде болдым, генералды күзеттім» – деп айтып отыратын. Өте шебер еді. Интернат балаларының аяқ киімдері дамылсыз жыртылады. Атам жаз болса далада, қыс болса үйде аяқ киім тігіп отыратын. Мәс, саптама етік тігіп, пешті жақсы салатын. Соғым кезінде ауылдастарына қолқайыры мол еді.
      Құлпытас қашайтын. Діни аңыз-әңгімелерді білетін. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Арабша, төте жазуларға өте сауатты болды. «Әйкел мен Жаманқұлдың айтысы» деген ұзақ жырды жатқа айтатын,- дейдіардагер ұстаз жастық шағынан сыр шерткенде.
    Кемердегі малшы – механизаторлардың балаларына арналғанЛенин атындағы мектеп – интернаттың табалдырғын аттады. Рудный педагогикалық училищесін бітіріп, дипломына сай бастауыш мектептің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Сөйтіп, бір кездері өзі сабақ алған Бибосын Ибраев, Дәуіт Әбілдин, Сәкен Кәкімов, Сейітқасым Қанешов, Райса Қалиева сынды ұстаздарымен бірге ұрпақ тәрбиесіне араласады. Мектеп басшысы, химия пәнінің шебер мұғалімі Серік Жұмағұлов ағайынан да зор тәлім алды.
      Математика пәнінің мұғалімі Махит Айқынов, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жұмакүл Жұрынбаева сынды жас мамандармен біте қайнасып еңбек етті.
    Еңбек ете жүріп, алдағы аға буынның тәлім – тәрбие, үлгі – өнегесін алды. Мұғалімдердің бір – бірін түсінулері, олардың арасындағы өзара сыйластық тәлімді тәрбиенің қайнар көзі еді. Бәрі де әлі күнге дейін көз алдында. Ұстаздарының бір ауыз сөзі, ескертулері, қас – қабағы тәрбие болатын. Сын – ескертпе алмауға тырысып тұратын.
    Ылғи ұстаздардың ортасында жүргендіктен басқа мамандық туралы ойланбапты. Мамандық таңдарда бірден «мұғалім болам» деп шешті. Өзімен бір мектепте қызмет еткен еңбек пәнінің мұғалімі Марат Құрмановпен отау құрды.
502      Ұстаздың мәртебелі болуы –ең алдымен әр мұғалімнің өзіне байланысты. Балалармен тіл табысу, ата- аналармен жұмыс жүргізу үшін психолог болу керек. Қазіргі заманда бәрін ғаламтордан көруге мүмкіндік берілген. «Балаға, ата – анаға сөйлеуге болмайды» -дегенді кейбіреулердің теріс пайдаланатынын да көріп жүрміз.Үйінде «үлкенді тыңда», «мұғалімді сыйла» деп айтып отырса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.
      Қай мұғалім болса да сабаққа дайындалады. «Балаға дұрыс білім берсем екен» – деп бар күш -жігерін салады.
     Әрбір мұғалім жан – жақты сауатты болуы керек. «Бәрін ғаламтордан аламыз» – демей мерзімді басылымдарды оқып, елдегі болып жатқан жаңалықтармен танысып отыруы қажет.
        «Ұстаздық мамандыққа зорға келдім» дегенді естіген емеспін. Баламен жұмыс істеудің оңай шаруа еместігін біліп барады. Ұстаз болу үшін еңбекқорлық қажет. Үздіксіз оқып, үйрену керек.Тәжірибе ізденістің арқасында құралады. Өзім 40 жыл жұмыс істесем де жастардың сабағына кіріп, үлгі аламын. Үлгі алатынымды ешуақытта жасырмаймын. Жылма – жыл әдіс – тәжірибе өзгеріп отырады. «Білім ленд», «Ай мектеп» сияқты ғаламтор көздерін пайдаланамыз.
        Қазіргі кездегі әдістер жақсы. Сабақ барысында «жеке жұмыс», «жұптық жұмыс», «топтық жұмыс», «ұжымдық жұмыс» әдістерін қолданамыз. Инклузивті балалармен де жұмыс жасаймыз.
        Мұғалімнің жақсы жұмыс істеуі – отбасына да байланысты. Жұбайлары қолдап түсінушілік танытып отырса, үлкен демеу болады. Уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Ерте кетіп, кеш келетінімізді ел біледі. Бұл ұстаздық деген қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін мамандық,- дейді ардагер ұстаз.
     Үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкені Тимур Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетін бітірген. Бүгінгі таңдаАрқалықтағы «Сәт» полигафиясының құрылтайшысы. Келіні Алмагүл – ұстаз. Таяуда өз алдына «BrainStorm» ағылшын тілі орталығын ашты. Немерелері Айша А. Байтұрсынов атындағы бастауыш гимназияның даярлық тобына барады. Шерхан жас жарымда. Қызы Құралай- есепші. Жұбайы Еркебұланмен екеуі жергілікті телеарнада қызмет істейді. Нұрбибі, Нұртөре атты жиендері бар. Кенжесі Ернұр Рудный индустриалдық институтында оқытушы.     
     Өткен жылы алғашқы тәрбиелеген шәкірттері өздерінің оқу бітіргендерінің 30 жылдығына шақырып, Нұр – Сұлтан қаласында ұстаздарына үлкен құрмет көрсетті. Апайларынан көп тәрбие алғандарын айтып, алғыстарын білдірді. Шәкірттері бұл күнде түрлі салада еңбек етіп, іскер мамандық иелеріне айналған. Олардың арасында басшылық қызметте істейтін азаматтар мен азаматшалар да көптеп саналады.
 503    Гүлсін Төкенқызы өз мамандығына берілген жан. Білім саласындағы іс – тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде таратылуда. Тәжірибелі ұстаз 2 сынып фаультативтік курсына арналған «Қызықты математика» атты лицензияланған авторлықжұмыстың иесі. «Ана тілім – бабам тілі, өз тілім!» атты сабағы «Мәртебелі мамандық» республикалық журналында жарияланған.
     «Дүниетану» пәнінен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық инстиутының оқытушысы Айсәуле Дүйсекеевамен бірлесіп жасаған 4 сыныпқа арналаған тест жинағы(әдістемелік құрал) кітапша болып шығып, таратылған. «Жаңа әдіс тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру» атты тәжірибесі қала мектептері арасында таратылған. Ғаламтор арқылы қашықтықтан өткізілген түрлібайқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Қалалық семинарларда ашық сабақтар өткізіп, тәжірибесін үзбей ортаға салып келеді.
        Аналары Күнжамал Тоқайқызы жақында 83 жасқа толды. Ақыл – кеңесін айтып, балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.
       – Барлық қыз – келіншектерді, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын. Қабақтарына кірбің түспей, әрқайсы өз отбасында бақытты болсын,-дейді жылы жүректі жан.
     Асыл ана, ардақты ұстазды біз де мейрамымен құттықтап, алда да алар асуларының мол болуын тілейміз.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓