«Әліппемен» қауыштық
Бұған дейін біздің газет жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың «Әліппемен» қайта қауышатынын жазып, сүйінші сұраған болатын. Сол қуанышты күннің ауылы алыс емес. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, біздің өңірге 4 мыңға жуық «Әліппе» оқулығы жеткізілмек. Биыл бірінші сыныпқа баратын барлық оқушылар қосымша оқулықтың дәптерлерімен тегін қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қостанай қаласының мектептеріне жөнелтіліп жатыр. Жалпы Қостанай облысы бойынша 25-тамызға дейін өзге өңірлер де толық қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, оқулық мемлекеттік тілде оқытылатын барлық білім ошақтарына жетеді. Яғни, «Әліппеге» тапшылық жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, жақында өткен Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында жаңадан әзірленген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары таныстырылды. Онда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осынау ақжолтай жаңалықты жеткізген болатын.
«Бірінші қыркүйекте өтетін іс-шарада біз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығын табыс етуіміз керек. Бұл – игі дәстүр. Аталған бағыттағы жұмысты уақтылы ұйымдастыру қажет. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы, мектепке келгенде бірінші болып қолына алатын кітабы. Былтыр айтылғандай, біз «Әліппе» оқулығын әзірледік. Қазіргі таңда дайын оқулық өңірлерге жеткізіліп жатыр. Жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды», деген болатын ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, «Әліппемен» қатар «Ана тілі» оқулығы да жазылып, шығарылып жатыр. Жалпы оқулықтың сапасы туралы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқалиқызы «Әліппенің» ең алдымен мемлекеттік стандартқа сай әзірленгенін айтады.
«2019 жылғы 16 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жыл сайынғы педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі «Әліппе» оқулығын әзірлеу мәселесін көтерді. Соның ішінде оқулықты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жазу жайлы бастама қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. «Әліппе» оқулығы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сүйеніп әзірленді. Осы стандартқа сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлерінен, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарынан және тәжірибелі әдіскер, мұғалімдерден арнайы жұмыс тобы құрылып, 2020 жылы «Әліппе» оқулығының үлгілік оқу бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен құралған комиссияның отырысында бірнеше рет талқыланып, пысықталып, 2021 жылы қайта бекітілді. Бағдарламаның негізгі құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының ұстанымдары негізінде айқындалды. Осы бағдарламаны басшылыққа алып барып, «Әліппе» оқулығы жазылды», – дейді республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында М.Мұқаметқалиқызы.
Бұл жолы бір ғана «Әліппе» болады. Биылғы мәліметке сәйкес, еліміз бойынша 390 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады екен. Оның ішінде 260 мыңға тарта бала қазақ сыныбында оқиды деп жоспарланып отыр. Олар баратын 7 мыңнан аса мектептің бәрінде бір ғана үлгідегі «Әліппе» оқытылады.
«Өзіңіз болжағандай, «Әліппе» оқулығын әзірлеу барысында министрлікке 5 түрлі баспадан дайындалған оқулықтың жобасы келіп түсті. Өйткені өздеріңіз білетіндей, оқулықтарды әзірлеу, басып шығару жұмыстары бәсекелі ортаға берілген. Әр баспа, әр авторлық ұжым өздері оқулық дайындауға құқылы. 2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары мемлекеттік сараптаманың бес кезеңінен өтті. Әуелі ғылыми-педагогикалық тұрғыда, содан соң 65 қанатқақты мектепте сынақтан өтті. Тараз, Семей, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында 500-ге жуық әдіскер, мұғалім сынақтан кейінгі сараптамадан өткізіп, талқылады. Соңында пәндік сараптамалық комиссияның қарауынан өтті. Осыдан кейін 5 түрлі оқулық қоғамға ашық таныстырылды. Жалпы сараптамалық жұмыстардың қорытындысы нәтижесінде 5 түрлі оқулықтың ішінен бір «Әліппе» сараланып, дараланып шықты. Бұл – мазмұны мен оқушылардың жас ерекшелігін ескеру, ішкі-сыртқы формасының тартымдылығы жағынан оң бағаға ие болған «Атамұра» баспасының оқулығы», – деп жауап берген екен орталық өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы Әліппе табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады.