Арқаны кеңге салуға болмайды
Бүгінде әлемді дүрліктірген коронавирус дерті біздің елімізді де алаңдатуда. Себебі, ТМД-ның кейбір елдеріне тарап үлгерген бұл дерттің біздің елге де жетпесіне кім кепіл? Сондықтан, Қазақстан үкіметі де алдын алу жұмыстары мен сақтық шараларын күшейтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауда. Қостанай облысында да арнайы штаб құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл туралы бүгін барлық жауапты сала басшылары қатысқан өңірлік шұғыл штаб отырысында мәлімделді. Аудан, қала әкімдерімен және басқарма басшыларымен өткен селекторлық жиында коронавирустың алдын алу жұмыстары мен сақтық шаралары жан-жақты талқыланып, облыс аумағында оның таралуына жол бермеу жолдары қарастырылды. Жиын барысында облыс әкімі А.Мұхамбетов басқарма басшыларына жағдайды қатаң бақылауда ұстауды қадап тапсырды.
Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы О.Бекмағамбетовтың айтуынша, коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай әлемде айтарлықтай қолайсыздық тудыруда. Бүгінгі күні дерттің 80 мыңға жуық расталған жағдайы тіркелсе, оның ішінде үш мыңға жуық жағдай өліммен аяқталған, ал қырық мыңнан астам адам сауығып жазылған. Біздің елімізде бұл вирустық инфекцияға шалдығушылық тіркелген жоқ. Сонымен қатар, облыс аумағында да инфекцияның таралуының алдын алу бойынша іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынған.
– Қазіргі таңда әлемде коронавирус инфекциясымен сырқаттанып жатқан елдер саны көбейді. Және сырқаттанып жатқан адамдар саны да артуда. Қазақстанда коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Десе де, еліміз бойынша сақтық шаралары қатаң бақылауда. Біздің облыста да дерттің алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстың емдеу мекемелерінде 622 төсектік орын, оның ішінде 254 инфекциялық, қосымша 208, 160 провизор бар. Өңірдегі әуежай мен теміржол вокзалын қосқанда, облыстың барлық аймақтарында 168-ден астам оқу-жаттығулар өткізілді. Тіркелген ауруы бар елдерге сапарларды шектеу бойынша 20 туристік фирмалармен 4 семинар өткізілді, – дейді О.Бекмағамбетов.
Ақпан айында аталған департамент пен өңірдегі дәріханалар арасында медициналық маска бағасын тұрақтандыру және үздіксіз қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылған болатын. Нәтижесінде, маска бағасы өңір дәріханаларында бүгінге дейін 20-30 теңге аралығында сақталып келді. Енді жақын күндері аталған өнім бағасы көтерілуі мүмкін. Дегенмен, департамент басшысы дүрлігуге еш негіздің жоқтығын, дәріханаларда масканың жеткілікті екендігін алға тартты. Бірінші наурыздағы мәлімет бойынша, дәріханалардағы маскалардың жалпы саны 103 мың дананы құрап отыр. Ал, алыпсатарлардың қымбатқа сатуына жол бермес үшін, масканы бір адамға 10 данадан артық сатпау ұсынылып отырған көрінеді. Облыс әкімі департамент басшысына дәріханалармен әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, маска мәселесінен қиындық туындамауын қадап тапсырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудниктің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Қытайдан 159 адам оралған, олардың 153-і – облыс тұрғындары және алтауы шетелдіктер. Қазіргі уақытта инфекция белгілері бар науқастар жоқ. Тіркелген ауруы бар елдердің шекаралық бекеттерінен өткен 5217 адамның бәрі бақылауға алынған. Облыстың медициналық мекемелерінде 254 жұқпалы төсектік орын бар (оның ішінде: ересектер – 109, балалар – 145), оған қосымша тағы да 368 төсектік орын қарастырылған. Сондай-ақ, өңірде науқастарды оқшаулауға арналған 15 бокс бар, оның үшеуі жеке есікпен жабдықталған. Мұның сыртында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдейтін 1 оқшаулау капсуласы бар. Қосымша 65 көлік бөлінген. Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қосымша қаражат бөлініп отыр. Яғни, Қостанай облысына 30 дәрі-дәрмектер мен басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 35,7 млн теңге бөлінген. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы Бірыңғай дистрибьютормен 18,6 млн теңгеге 20 дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды жеткізуге шарт жасасқан. Қалғанына әлі сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
-Қостанай облысына 30 дәрі-дәрмектер мен басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 35,7 млн теңге бөлініп отыр. Бірақ, дәрі-дәрмектің жартысы ғана жеткізілген. Қалған сатып алуға әлі ай уақыт керек. Тіпті, “Жол картасын” да дайындамағансыздар. Бұлай арқаны кеңге салуды қойыңыздар. Түске дейін маған “Жол картасын” тапсырыңыздар. Сонымен қатар, қанша және қандай дәрі түрлері жеткізілді, қалғаны қашан жеткізіледі, нақты жауабын беріңіздер, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Жиын соңында аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшылары мен сала мамандарына тиісті шаралар мен бақылауды күшейтіп, өңірлерде де арнайы штаб құруды қадап тапсырды. Сондай-ақ, әкім сала мамандарына короновирустық инфекцияға қатысты күдікті жағдайдың бәріне эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарының мұқият жүргізілуін, ал егер вирус тіркелген жағдайда карантин жариялау сияқты жұмыстарға да бей-жай қарамауды ескертті. Сонымен қатар, әкім көп адам шоғырланған түрлі жиындар мен іс-шараларды өткізуді кейінге қалдыруды да ескертіп өтті.
– Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сонда да барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. 8 наурызға орай жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік іс-шаралар біздің облыста да өткізілмейді. Тек, әкімдікте жиырмадан астам “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлерін марапаттаймыз, оның өзінде шағын ортада. Көп уақыт алатын қажетсіз жиындарға да шектеу қою қажет. Бұл әлемде короновирустың таралуына байланысты қауіпсіздік шарасы үшін жасалып отыр, – деді А.Мұхамбетов.