Медбикелер бакалавр дәрежесін алды
Қостанай медициналық колледжінде алғаш рет 48 түлекке “Мейірбике ісі” мамандығы бойынша қолданбалы бакалавр дәрежесіндегі диплом берілді. Олардың арасында тәжірибелі аға мейірбикелер де бар. Салтанатты шарада сөз алған колледждің атқарушы директоры Айгерім Оспанова түлектерге сәттілік тілеп, медбике дайындау ісіндегі бакалавриаттың маңыздылығына да тоқталды.
-Медбике ісі дамуында бакалавриаттың маңызы үлкен. Егер бұрын медбике ауыр халдегі пациенттерге тек күтім жасаса, ал бакалаврлық білімі бар медбике жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді. Яғни, бакалавриат деңгейі бар медициналық қызметкерлер тәуелсіз медбикелік тәжірибені іске асыра алады, науқастың жағдайына баға беріп, қадағалап, медбике ретінде диагноз қойып, ақыл-кеңес бере алады. Бұл өз кезегінде дәрігер жүктемесін азайтып, медициналық көмектің үнемділігін, қолжетімділігін және сапасын едәуір арттыруға көп көмегін тигізеді. Сондай-ақ, жеделдетілген бағдарлама бойынша мейірбике ісіне академиялық бакалавриатқа, магистратура мен докторантураға түсуге де мүмкіндік бар. Мектептен кейін қолданбалы бакалавриатқа түскен студенттер 3,5 жыл, ал тәжірибелі медбикелер 1,5 жыл оқиды. Бұл жұмыс істеп жүрген мамандардың өндірістен қол үзбей жоғары білім алуына да зор мүмкіндік, – дейді А.Оспанова.