Алғыс арқалаған ана
Қылмыскерлерді ұстауға көмектескен Рудный қаласының тұрғыны Жазира Оразшаева полиция басқармасының алғыс хатымен марапатталды.
23 ақпанда тәртіп сақшылары көлік ұрлығымен айналысатын екі жігітті ұстады. 21 және 16 жастағы Б.Майлин ауданының тұрғындары екі айдан бері біздің қала аумағында 20-дан астам автокөлік мүлігін ұрлаған. Олар негізінен аккумулятор, радио-магнитофондарды шешіп, түрлі қосалқы бөлшектерін алып кетіп жүрген.
Осы қылмыстарға соңғы нүктені Комсомольский даңғылындағы азық-түлік дүкенінің иесі Жазира Оразшаева қойды. Жуырда бөлімшеге шақырылған батыр әйелге криминалдық полиция бөлімінің бастығы Максим Греков гүл шоқтарын және полиция басқармасының бастығы Әлім Бажықбаевтың алғыс хатын тапсырды.
–«Ұрлық түбі – қорлық» деп бекер айтылмаған. Тым тереңге барған сайын жаза да қатал. Сондықтан қоғамның берекесін бұзатын осындай қылмыстарға жастарымыз бармаса екен деп тілейміз. Ал қажет жағдайда полицияға көмектесу – баршамыздың міндетіміз, – дейді батыр ана.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ