Жол қауіпсіздігі үшін
Жолдағы қауіпсіздікті және көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары автожолдарды үнемі бақылап отырады. Өткен екі айда «ҚазАвтоЖол» кестесіне сәйкес мамандар 40-қа жуық тексеріс жүргізді. Барлығы 130 заң бұзушылық анықталған, олардың 100-ге жуығы жойылды. Жол активтері сапасы орталығы облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарда қауіпсіздік барынша сақталуы тиіс. Мәселен, Екатеринбург-Алматы тасжолында әлі қар жатыр.
– Жолдың үсті, жиегі мұз бен қардан тазартылып тұруы керек. Тиісті мекемелерге 34 хат жолдап, ескертулер жасадық. Барлығы талапқа сай болуы міндет. Кейі өңірде арнайы техникалар жетіспей жатады. Дұрыс тазартылмаған жол түрлі оқиғаларға алып келеді. Қаңтар-ақпан айларында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 12 жазатайым оқиға болып, 8 адам көз жұмған. Міне, мұндай жағдайларды болдырмаудың басты себебі – жолдардың тазалығы, – деді Абылайхан Алшынбаев.
Филиал мамандары жол қозғалысындағы қауіпсізсіздікті сақтау үшін қатқан мұз бен қар шөгінділерін жоюды, автожолдардың сапасын стандартқа сай келтіруді ұсынады.
Әсел Қибаш