Жағдай аса мәз емес
Қостанай ауданында да жолдарды қардан тазалау жұмыстары боран басталған сәттен дамылсыз жүріп жатыр. Дегенмен, соның өзінде аудандық маңызы бар жолдардың тең жартысы әлі жабық. Күні кеше Октябрь, Суриков, Самир, Белозер елді мекендеріне барар жолдар аршылған. Аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Анатолий Стародубцевтің мәліметінше, боран салдары қиындыққа соқтыруда. Қар шамадан тыс қалың әрі дымқыл. Сондықтан күш те, уақыт та көп жұмсалуда.
"Жағдай күрделі. Кеше Майкөл ауылына кірер жолды тазалаудың өзіне 5 сағат уақыт кетті. Қардың тығыздығы мен дымқылдығы сонша, тракторлардың күрегі сынып кетіп жатыр. Кей жерлердегі тоннелдің биіктігі 3 метрге жетеді", – дейді бөлім басшысы.
Қазіргі уақытта тазалау жұмыстарына 6 "Кировец" тракторы, 2 МТЗ, 3 жүк тиегіш көлік жұмылдырылған. Бастысы, боранда жапа шеккендер жоқ.